Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов ұлттық спорт түрлерінен өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ұлттық құрама сапында қатысатын меркілік спортшыларды жаттықтырушыларымен бірге қабылдады. Басқосуға аудандық мәслихаттың төрағасы Мұратбек Көкрекбаев қатысты.
⠀
Алдағы дүбірлі додада Меркі ауданының спортшылары ел намысын қорғап, ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
⠀
Құсбегілік спорт түрінен Бақдаулет Бабажан мен Серікболсын Бабажан, жамбы атудан Абзал Тұлыбеков пен Мөлдір Бердіке сынға түседі. Сонымен қатар Елдос Бадашев жамбы атудан жаттықтырушы, Дулат Маратұлы төреші ретінде қатысады. Ал көкпардан Нұржігіт Пермебай мен Қуаныш Бейсен ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
⠀
Кездесу барысында аудан әкімі спортшыларға алдағы халықаралық додада сәттілік тілеп, байрақты бәсекеде жоғары нәтиже көрсетуіне тілек білдірді. Сонымен қатар спортшыларға жаңадан жарық көрген “Меркі” альбомын сыйға тартты.
⠀
Ербол Жиенқұлов меркілік спортшылардың ұлттық құрама сапында ел намысын қорғауы – аудан үшін үлкен абырой әрі мақтаныш екенін атап өтті. Сондай-ақ спортшылардың жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі болып, жас спортшылардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыратынын жеткізді.
⠀
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 1-6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1281363?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау