Қарағанды облысында табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. 26 тамыздан бері полицейлер су айдындарында заңсыз балық аулау фактілерінің жолын кесуге бағытталған рейдтік жұмыстар жүргізуде.
Іс-шараның алғашқы нәтижесі Балқаш көлінің акваториясында тіркелді. Бірлескен рейд барысында Қарағанды облысының табиғатты қорғау полициясы мен Балқаш желілік полиция бөлімінің қызметкерлері моторлы қайықты тоқтатты.
Қайық ішінде 42 және 44 жастағы екі жергілікті тұрғын болған. Тексеру кезінде полицейлер ұзындығы 300 метр тыйым салынған синтетикалық балық аулау торларын және заңсыз ауланған 53 келіден астам көксеркені анықтап, тәркіледі.
Алдын ала есеп бойынша, заңсыз балық аулау салдарынан Балқаш көлінің экожүйесіне 450 мың теңгеден астам залал келтірілген.
Аталған факті бойынша ұсталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қайық, браконьерлік құралдар мен ауланған балықтар қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде тіркелді.
Полиция табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіретінін еске салады. Заңсыз балық аулау фактілерін көрген азаматтарды құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1281223?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау