ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа барды. Ведомство басшысы балалардың тұрмыс жағдайын, оларды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстарының ұйымдастырылуын көріп, орталық мамандарының қызметімен танысты.
Мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы балаларды тұрақты орналастыруға және күндізгі жартылай стационарлық түрде қабылдауға арналған барлығы 170 балаға орын қарастырылған. Қазіргі уақытта орталықта 116 бала тұрып жатыр. Балаларға олардың жеке қажеттіліктеріне қарай жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мамандар балалардың өздігінен әрекет етуіне, күнделікті тұрмысқа бейімделуіне және қажетті дағдыларды қалыптастыруына көмектеседі: әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер ұсынылады.
Министр орталықтағы балаларға арналған бөлмелерді, оқу сыныптары мен оңалту орындарын аралап көрді. Сондай-ақ балаларға көмек көрсететін мамандардың жұмысымен де танысты.
«Әр баланың қажеттілігі әртүрлі, сондықтан оларға жеке тәсіл қажет. Баланың қабілетін дамытуға, өзіне-өзі қызмет етуіне және қоғамға араласуына қолдау көрсету маңызды. Арнайы әлеуметтік қызметтердің барлық түрі баланың өмір сапасын жақсартуға және оның дамуына бағытталуы керек», – деді Асқарбек Ертаев.
Сапар барысында оңалтудың техникалық құралдарын қайтару тетігін енгізуге бағытталған пилоттық жобаға да ерекше назар аударылды. Оны іс жүзінде сынақтан өткізу жұмыстары 2026 жылдың 1 шілдеден бастап Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстарында басталған болатын.
Пилоттық жоба басталғалы Қарағанды облысында 6 адам айырбастау қорынан мүгедектер арбасын алды. 4 оңалту құралы жөнделіп, 3 техникалық құрал мерзімінен бұрын ауыстырылды.
Жаңа жүйе оңалтудың техникалық құралдарын азаматқа берілген сәттен бастап, оны пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін бақылауда ұстауды көздейді. Қайтарылған құралдар алдымен техникалық тексеруден өтіп, санитарлық өңдеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда күрделі жөндеуден өтеді. Жарамды деп танылған құралдар белгіленген тәртіппен оны қажет ететін басқа да азаматтарға қайта берілуі мүмкін. Оңалтудың техникалық құралының берілуінен бастап қайтарылуы, оған қызмет көрсету мен қайта пайдаланылуына дейінгі барлық кезең ақпараттық жүйеде тіркеліп отырады.
Пилоттық жоба мүгедектігі бар азаматтарға пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа оңалтудың техникалық құралын алу мүмкіндігін сақтайды. Яғни белгіленген мерзім аяқталған соң азамат бұрынғыдай жаңа құрал алуға құқылы. Жоба – қолданыстағы тәртіптің орнына енгізіліп отырған жүйе емес. Ол азаматтардың оңалту құралдарына қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз етуге арналған қосымша мүмкіндік.
Жаңа тәсіл әсіресе балалар үшін маңызды. Егер оңалтудың техникалық құралы баланың бойы мен дене өлшемдеріне сәйкес келмей қалса, пилоттық жоба аясында оны белгіленген мерзімінен бұрын, балаға лайықты басқа құралға ауыстыруға болады. Бұл баланың оңалту процесін үзбей жалғастыруына мүмкіндік береді.
Сынақ кезеңінің қорытындысы бойынша жаңа тетіктің тиімділігі сараланып, оны алдағы уақытта қолдану мүмкіндігі қарастырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1281126?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау