Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ұйымдастырған Мұнай бергіштігін арттыру әдістері жөніндегі Қазақстан форумы (МБА) – 2026 аясында SNF SA компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Форум 26–28 тамыз аралығында Астана қаласында өтіп, мемлекеттік органдардың, мұнай-газ компанияларының, ғылыми қоғамдастықтың, халықаралық сарапшылар мен сервистік ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Меморандум мұнай-газ саласына арналған полимерлік өнімдер мен жабдықтар өндірісін жергіліктендіруді дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және тиісті құзыреттерді Қазақстанға беруге бағытталған.
Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында SNF SA жергілікті өндірістік базаны дамытуға 100 млн еуроға дейін инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруда. Жобаны іске асыру мұнай-газ саласындағы негізгі клиенттердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, жергілікті қамту үлесін арттыруға және өңірлік жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров технологиялық ынтымақтастықты дамытудың және Қазақстанда өндірістік қуаттар құруға халықаралық компанияларды тартудың маңыздылығын атап өтті.
SNF тарапынан іс-шараға мұнай бергіштігін арттыру әдістерін қолдану және мұнай-газ саласына арналған шешімдер бойынша инжиниринг директоры Flavien Gathier қатысты.
Сондай-ақ кездесуге «Алстрон» компаниясының өкілдері Павел Кибиткин мен Алексей Антонников қатысты.
Меморандумға қол қою форумның нақты практикалық нәтижелерінің бірі болды. Форум аясында мұнай бергіштігін арттырудың заманауи химиялық, газдық, термиялық және аралас әдістері, мұнай кәсіпшілігі жабдықтары мен химиялық реагенттер өндірісін жергіліктендіру, сондай-ақ Қазақстанның игерудің жетілген кезеңіндегі кен орындарында озық технологияларды енгізу тетіктері талқылануда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1281092?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау