Қазақстан Оңтүстік Қытай кітап көрмесінде ұлттық павильонын таныстырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Гуанчжоу қаласында биыл 30-шы рет ұйымдастырылған Оңтүстік Қытай кітап көрмесі салтанатты түрде ашылды. Бұл – Қытайдағы кітап және баспа ісі саласындағы ауқымды көрмелердің бірі. Қазақстан аталған жиынға екінші жыл қатарынан қатысып, ұлттық павильонын таныстырды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, дипломатиялық корпус пен Қытайдың мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Ұлттық павильонда қазіргі қазақ әдебиеті мен балалар шығармалары, мәдени мұра және креативті индустрия салаларын қамтитын 100-ге жуық кітап пен мәдени өнім қойылған.

Экспозицияда Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа да көрнекті тұлғалардың шығармашылығы мен мұрасына арналған басылымдар ұсынылған.

Сондай-ақ қазақ халқының эпостық және фольклорлық мұрасы, салт-дәстүрі, қолөнері, ұлттық киімдері мен тағамдары, киіз үй мәдениеті туралы кітаптар бар.

Көрме аясында «Түркістан» және «Шексіз музыка: Димаш» кітаптарының таныстырылымы өтті. Көпшілікке қазақтың дәстүрлі қолөнер үлгілері көрсетіліп, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктері таныстырылды.

Еске салайық, биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік баспасөз және баспа істері басқармасы классикалық шығармаларды аудару және басып шығару жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында алдағы бес жылда қазақ және қытай әдебиетінің 30-ға жуық туындысын аудару жоспарланып отыр.

Қазақстанның мәдени бағдарламасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының, Qazaq-Oner ұлттық қауымдастығының, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің, Гуанчжоудағы Бас консулдығының және Nomad Culture Foundation қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Көрме 27-31 тамыз аралығында Гуанчжоу қаласындағы China Import and Export Fair Complex кешенінде өтеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1281321?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version