25 тамыз күні аудан әкімі Дархан Шомпайұлының төрағалығымен әкімдік отырысы өтті.
Жиынға аудандық маслихат төрағасы Өмірхан Әйкенұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары және ауданға қарасты мекеме басшылары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жаңа оқу жылына дайындық және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды жеңілдетілген несиелендіру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Тарбағатай ауданының 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және жылдың екінші жартыжылдығына арналған міндеттер талқыланды. Аталған мәселе бойынша Тарбағатай аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Асхат Тілеубекұлы баяндама жасады.
Аудан әкімі экономикалық көрсеткіштерді одан әрі арттыру үшін инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, аудандағы өндіріс орындарының өндірістік қуаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, «Тагбент» ЖШС-нің Жаңалық ауылының маңынан қосымша өндіріс орнын ашу жоспарына тоқталды. Аудан әкімі аталған жобаны іске асыруға қажетті заңнамалық талаптарды зерделеп, кәсіпорынға белгіленген тәртіппен қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаның жүзеге асуы жаңа өндірістік мүмкіндіктер қалыптастырып, аудан экономикасының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсер ететіні атап өтілді.
Сонымен қатар жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық барысы туралы Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Нұржан Әлімбеков ақпарат берді.
Аудан әкімі аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлына және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серік Советұлына аудан мектептерінің алдағы жылу маусымына дайындығын тексеруді, білім беру нысандарының жылу жүйелерінің әзірлігі, жылыту қазандықтарының техникалық жағдайы және мектептердің қатты отынмен қамтылу жағдайын қарап шығуды тапсырды.
Келесі ақпарат Тарбағатай ауданында агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) жобаларына жеңілдетікпен кредит беру бағдарламасының іске асырылу барысына арналды. Бұл бағыт бойынша аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мейрамбек Асылбекұлы баяндады.
Аудан әкімі жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының мүмкіндіктерін ауыл тұрғындары арасында кеңінен түсіндіріп, азаматтарды мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға тартуды тапсырды.
Жиын барысында аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың Алғыс хатымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Сейполданов Әділет Нұрланұлы және бөлімнің бас маманы Дүйсенбекұлы Қанат марапатталды.
Марапаттарды аудан әкімі Дархан Шомпайұлы табыстап, жауапты қызмет атқарып жүрген мамандарға алғысын білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-tarbagatay/press/news/details/1280854?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау