Жетісу облыстық мәслихатының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс мәселелері бойынша» тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиын барысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және жылу мен электр энергиясына тариф белгілеу мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Х. Бекетаев баяндама жасады. Ол өңірдегі жылу көздерінің, жылу және электр желілерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы айтып, негізгі жөндеу және жаңғырту жұмыстарына тоқталды.
Биыл жылыту маусымына дайындық пен оны өткізуге бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, кәсіпорындардың өз қаражаты және энергетикалық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында 23,5 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта қазандықтар, жылу және электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларда жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Талдықорған қаласында жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. «Басқуат» қазандығына түсетін жүктемені азайту мақсатында жаңа орамішілік қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар негізгі магистральдық жылу желілерін кезең-кезеңімен реконструкциялау жоспарланған.
Текелі қаласында жеке инвестициялар есебінен ЖЭО-ны жаңғырту және кеңейту жобасы іске асырылуда. Жобаның жүзеге асуы қаладағы жылу энергиясының және өңірдегі электр қуатының резервін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыста жылыту маусымына қажетті отын қорын қалыптастыру жұмыстары іске асырылуда.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Д.С. Қалибеков жылу және электр энергиясы тарифтері туралы баяндаманы жасады.
Баяндамашының айтуынша, «Талдықорғанжылусервис» МКК бойынша орташа жылу тарифі 13 543,75 теңгеден 14 156,21 теңгеге дейін өсіп, өсім 4,5%-ды құрайды. Тұрғындар үшін орташа тариф 3 619,43 теңге/Гкал болады.
Панфилов ауданының Нұркент ауылы бойынша тарифтік сметаның 40 млн теңгеге орындалмауына байланысты жылу тарифі 6 682,60 теңгеден 3 323,61 теңгеге дейін, яғни 50,26%-ға төмендетілді. Сонымен қатар Сарқан, Ескелді және Көксу аудандарындағы кәсіпорындардың тарифтік өтінімдері қаралуда. Алакөл ауданындағы «Алакөлжылу», сондай-ақ «Ақсу ТВК» және «Жылыту орталығы» тарифті ұлғайтуға өтінім берген. Аталған өтінімдер бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Жиын барысында депутаттар коммуналдық қызметтердің сапасы мен халықтың қалтасына түсетін салмаққа ерекше назар аударды. Әсіресе электр желілерінің тозығы жетуі мен тарифтердің қымбаттауына қатысты жауапты тұлғаларға нақты сұрақтар қойылды. Сондай-ақ тұрғындардың мүддесін басты орынға қоя отырып, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және коммуналдық шығындарды оңтайландыру бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1280975?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау