Жетісу облысында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу жұмыстары күшейтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қаратал ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз отбасы – тұрақты қоғам» жобасы әлеуметтік саладағы құқық бұзушылықтардың, оның ішінде алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алудың тиімді тетігіне айналды. Жетісу облысының прокуратурасының үйлестіруімен қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың нәтижесінде өңірде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.

Аудан прокуратурасының бастамасымен мемлекеттік кірістер органдарының, полицияның, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бірлескен рейдтік іс-шаралар барысында 230 литр заңсыз алкоголь өнімінің сатылғаны, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарынсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру және тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу талаптарының бұзылу фактілері анықталды.

13 сауда нысанына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы (алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарын бұзу), 463-бабының 1-бөлігі (тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз кәсіпкерлік не өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру), 283-1-бабының 5-бөлігі (тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдемеу, этил спирті мен алкоголь өнімінің айналымы және олардың орнын ауыстыру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

 Сот шешімдерімен барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауаптылыққа тартылып, алкоголь өнімдерін өткізу лицензияларының қолданылуы тоқтатылды.

Қабылданған шаралар өз нәтижесін беруде. Биылғы жылдың өткен кезеңінде Қаратал ауданында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 42,1%-ға (19-дан 11-ге дейін), ал алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар 46,2%-ға (13-тен 7-ге дейін) азайды.

Рейдтік іс-шаралар барысында кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндіріліп, алкоголь өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатуға және заңда белгіленген уақыттан тыс өткізуге жол берілмейтіні жөнінде ерекше назар аударылды.

Жетісу облысының прокуратурасы заңсыз айналымдағы акцизделетін өнімдердің жолын кесу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zhetysu/press/news/details/1281200?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version