Астанада өткен тамыз конференциясына Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айтпаева Жанат Жеңісбекқызы да қатысқан еді. Оның пікірін төменде жариялап отырмыз.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Республикалық тамыз конференциясына қатыстым.
Әсіресе, балаларды қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты мәселелері Президент сөзінде ерекше орын алғаны өте маңызды.
Жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр, барлық өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұл – өскелең ұрпақтың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды жүйелі қадамдар.
Балалардың бүгінгі таңда бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлеріне – олардың дүниетанымы мен психологиялық жағдайына әлеуметтік желілердің, цифрлық платформалардың, жасанды интеллекттің және ақпараттық ортаның тигізетін әсеріне ерекше назар аударылды.
Негізгі міндеттердің бірі – салдарымен күресуден гөрі, балалардың психологиялық жағдайына төнетін қауіптердің алдын алуға көшу.
Біз үшін бұл ең алдымен алдын ала әрекет етуді білдіреді: қауіпті ертерек байқау, баланы тыңдай білу, нақты көмек көрсету және нақты нәтижеге дейін сүйемелдеуді қамтамасыз ету.
Өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығына да баса назар аударылды. Осы оқу жылынан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастайды, ал білім беру бағдарламаларына «Конституция негіздері» және «Заң мен Тәртіп» курстары енгізіледі.
Тағы бір өзекті мәселе – балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі. Кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғау шаралары, сондай-ақ 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу және балаларға арналған SIM-карталарды ауқымды ету мәселелері атап өтілді.
Алайда барлық бағдарламалардың, тетіктердің және шешімдердің артында ең алдымен нақты бала тұруы тиіс.
Әрбір санның артында – оның тағдыры жатыр. Әрбір сигналдың артында – назар аударуды қажет ететін жағдай тұр. Әрбір өтініштің артында – көмекке деген үміт бар.
Біздің міндетіміз – жіберіп алмау. Уақытында көру. Есту. Нақты көмек көрсету. Қорғау.
Жүйелі шешімдер әрбір балаға дәл осындай жолмен жетуі тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1280727?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау