№14 ҚАЗЫБЕК БИ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫН ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫНДА БАСТАЙДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы №14 Қазыбек би атындағы жалпы орта мектепке барып, жаңа білім ордасының дайындығымен танысты.
№14 Қазыбек би атындағы мектептің алғашқы ғимараты 2000 жылы «Асар» әдісі арқылы салынған. 25 жылдан астам уақыт бойы бұл білім ордасында мыңдаған оқушы білім алып келді. Соңғы жылдары мектептегі оқушы саны 500-ден асып, қолданыстағы ғимараттың оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндігі шектеулі болуына байланысты жаңа мектеп ғимаратын салу қажеттілігі туындаған.
Осыған байланысты жаңа мектеп ғимаратының құрылысы 2024 жылы басталып, құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.
Заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім ордасы 540 оқушыға арналған. Енді мектеп оқушылары оқу жылын кең, жарық әрі барлық қажетті жағдай жасалған жаңа ғимаратта бастайды.
Қала әкімі мектептегі оқу кабинеттерін, материалдық-техникалық базаны, спорт залын, асхананы, кітапхананы, психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетін және басқа да оқу бөлмелерін аралап, білім алушыларға жасалған жағдайлармен танысты. Сонымен қатар мектептің жаңа оқу жылына дайындығы мен оқу үдерісін ұйымдастыру барысын пысықтады.
Білім ордасында химия, биология және физика пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, АКТ залы, заманауи кітапхана, спорт залы және басқа да қажетті оқу кабинеттері қарастырылған. Асхана бір мезетте 100 оқушыны ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік береді.
Мектептің материалдық-техникалық базасы оқушылардың сапалы білім алуына, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Қала әкімі білім беру нысандарында ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты мектептің материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалану, ғимаратты талапқа сай күтіп ұстау, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1281496?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version