Алматы облысында полиция интернет-алаяқтықтың алдын алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Алматы облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кезекті интернет-алаяқтықтың алдын алды.

     Күдікті белсенділік туралы ақпарат “Қазақтелеком” АҚ-мен бірлесіп әзірленген жүйе арқылы түскен. Киберполиция қызметкерлері дереу ықтимал жәбірленушінің жұмыс орнына барған. Алаяқтардың сөзіне сенген ер адам олардың барлық нұсқауын орындаған. Қаскөйлер оны айналасындағылардан оқшаулануға, жақындары мен полиция қызметкерлерінің қоңырауларына жауап бермеуге, сондай-ақ бірнеше банктен несие рәсімдеуге көндірген. Осылайша ер адам іс жүзінде алаяқтардың тұрақты психологиялық қысымында болған.

     Полиция қызметкерлері ер адаммен байланысуға тырысқанымен, ол тіпті отбасы мүшелерінің қоңырауларына да жауап бермеген. Осыдан кейін киберполиция қызметкерлері оның жұбайы мен балаларын тауып, жағдайды түсіндірген. Туыстарына дереу банктерге хабарласып, несие рәсімдеуге жасалған ықтимал әрекет туралы хабарлау ұсынылды.

     Нәтижесінде банктер несие беруден бас тартып, бұл ірі көлемдегі қаржылық шығынның алдын алуға мүмкіндік берді.

     Ер адамның өзін полиция қызметкерлері өндірістік база аумағынан тапқан. Оған жағдайды бірнеше рет түсіндіруге тырысқанымен, ол белгісіз адамдарға сенуін жалғастырып, бастапқыда полиция қызметкерлеріне де, тіпті өз ұлына да сенбеген. Тек ер адам 13 миллион теңгеден астам несие рәсімдеп, бұл қаражатты алаяқтарға беруге шақ қалғанын түсінгеннен кейін ғана болған жағдайдың қаншалықты маңызды екенін ұққан.

     Бұл жағдай қаскөйлердің өз құрбандарына қаншалықты күшті психологиялық ықпал ете алатынын тағы бір мәрте көрсетеді. Олар азаматтарды жақындарынан және құқық қорғау органдарынан оқшаулап, өздерінің барлық нұсқауларын орындауға мәжбүрлейді.

     Полицияның атап өтуінше, күдікті қоңырауларды жедел анықтау қылмысқа дер кезінде араласып, оның алдын алуға мүмкіндік береді. Тек бір тәуліктің ішінде Алматы облысында аталған жүйенің жұмысы нәтижесінде интернет-алаяқтықтың 13 фактісінің жолы кесілді.

     Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: егер сізге белгісіз адамдар қоңырау шалып, әңгімені ешкімге айтпауға, несие рәсімдеуге, ақша аударуға немесе бөгде қосымшаларды орнатуға көндірсе, әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе құқық қорғау органдарына өзіңіз хабарласыңыз.

     Алаяқтардың сізді шынымен көмектесе алатын жақындарыңыздан оқшаулауына жол бермеңіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1282005?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version