Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барып, тұрғындармен, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Сондай-ақ өңірдегі аграрлық және қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 6%-ды құрады. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің индексі 103,3%-ды құрады.
«Мемлекет тарапынан аграршыларды қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары қабылданып жатыр. Соңғы екі жылда агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайтылып, егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасын тапты. Биыл облыс аграршыларына көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 22,5 млрд теңге бағытталды. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 16,5 млрд теңгені құрайтын 414 өтінім қабылданды. Биылғы жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялауға 29 млрд теңге қарастырылған», – деді Аманғали Бердалин аграрлық сектор өкілдерімен кездесуде.
Вице-министр мал азықтық дақылдарды дайындау жұмыстарын одан әрі жандандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және агроөнеркәсіптік секторға инвестиция тарту қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыт өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің өсуінің негізгі тетіктерінің біріне айналуы тиіс.
Осыған байланысты кездесуге қатысушыларды Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Сонымен қатар жер қоры 10 мың гектардан асатын ірі өсімдік шаруашылығы кәсіпорындарына өсімдік шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамытуды көздейтін өндірістің аралас моделіне көшу ұсынылды. Мұндай тәсіл өндірісті әртараптандыруға және ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Ашық диалог барысында аграрлық сектор өкілдері мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі, жеңілдетілген қаржыландыру мен кредит алу, өндірілген өнімді өткізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасау мәселелерін көтерді.
Аманғали Бердалин азаматтарды жеке қабылдады.
Жұмыс сапары аясында вице-министр кәсіпорындардың қызметімен және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Атап айтқанда, ол «AITAS AGRO ASTYK» серіктестігінің астық және майлы дақылдарды сақтауға арналған, сыйымдылығы 10 мың тонналық жаңа астық қоймасына барды.
Кәсіпорында сағатына 200 тонна өнім өңдеуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық желі жұмыс істейді. Ол PETKUS және OBIAL жетекші өндірушілерінің жабдықтарымен жарақтандырылған.
Нысан құрамына астық кептіру кешені, астық сақтауға арналған силостар және келіп түсетін шикізаттың сапасын бақылауды қамтамасыз ететін аттестатталған өндірістік-техникалық зертхана кіреді.
Вице-министр «Буньковых» шаруа қожалығының омартасының жұмысымен танысып, «Баян» марал шаруашылығына және басқа да нысандарға барды.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Аманғали Бердалин Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенін қарқынды дамыту, заманауи технологияларды енгізу, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу негізгі басымдықтар қатарында қала беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1281967?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау