Ақтөбе облысында «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Бүгін Ақтөбе облысында отбасы құндылықтарын дәріптеп, өнегелі отбасылардың өмір жолын көпшілікке үлгі етуге бағытталған «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, байқауда үздік деп танылған отбасыларды құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы институтын нығайтуға, адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеуге, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын арттыруға және бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Байқау қазақстандық отбасының жағымды бейнесін қалыптастырып, ұлттық және отбасылық дәстүрлерді кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Биыл ел көлемінде конкурс он үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт аралығында Ақтөбе облысынан барлығы 2093 отбасы конкурсқа қатысып, өздерінің өнегелі өмір жолын, отбасылық дәстүрлері мен жетістіктерін көрсетті.

2026 жылғы 15 мамыр мен 15 маусым аралығында конкурстың бірінші кезеңіне облыстың қала-аудандарынан 128 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 97 отбасы өзін-өзі ұсынса, 31 отбасы жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың ұсынысы бойынша конкурсқа қатысты.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы мен облыстың әр ауданынан екі отбасынан, жалпы 23 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.

Облыстық комиссия мүшелері ұсынылған құжаттар мен бейнематериалдарды зерделеп, әр отбасының жетістіктерін, қалыптасқан отбасылық дәстүрлерін, ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы еңбегін жан-жақты бағалады.

Байқауға еңбек адамдары мен шығармашыл әулеттер, ғылым, білім және өнер саласында жетістіктерге жеткен отбасылар, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын және көпбалалы отбасылар қатысты.

Облыстық комиссияның шешімімен 5 үздік отбасы анықталды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Асхат Шахаров отбасы тәрбиесінің қоғамның болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық. Әрбір шаңырақ – қоғамның берік негізі, ал отбасындағы тәрбие – елдің ертеңін қалыптастыратын маңызды күш. Өнегелі отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің берік негізі деп білемін», – деді өңір басшысы.

Биыл Ақтөбе облысының атынан «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне Есқазиевтер отбасы жолдама алды.

Есқазиевтер әулеті – мұғалімдер мен кәсіпкерлерден құралған өнегелі отбасы. Отау құрғандарына 67 жыл болған отбасы 12 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде шаңырақ иелері 43 немере мен 44 шөберенің қызығын көріп отырған ардақты әулет.

Есқазиевтер отбасымен қатар, облыстық кезеңде жеңімпаз атанған өзге де отбасылар өздерінің өнегелі өмір жолымен, отбасылық дәстүрлерімен, еңбектегі жетістіктерімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленді. Олардың әрқайсысы отбасы құндылықтарын берік ұстанып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, кейінгі буынға үлгі болып отырған өнегелі шаңырақтар қатарынан орын алды.

«Мерейлі отбасы» байқауы – отбасы институтын нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және қоғамдағы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Ақтөбе облысы алдағы уақытта да өнегелі отбасылардың тәжірибесін кеңінен насихаттап, олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін қолдауға басымдық береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1282306?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version