Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, бағдарлама жүзеге асырылған 2019-2025 жылдары облыстағы 153 ауылдық округте экономикалық тұрғыдан тиімді бағыттар айқындалып, тиісті скрининг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 8 909 кәсіпкерлік субъектісі 48,4 млрд теңгеге қаржыландырылған. Осы қаражат есебінен 262,2 мың мал басы мен 533 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, 57 кооперативке 3,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де айқын байқалады. Атап айтқанда, тұрақты түрде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар саны 69,5 мыңнан 16,6 мың адамға дейін төмендеп, 4,2 есеге қысқарған. Осы кезеңде бюджет түсімдері 400 млн теңгеден 1,6 млрд теңгеге дейін өссе, азаматтардың орташа табысы 78 мың теңгеден 135 мың теңгеге артқан. Ал кәсіпкерлер саны 3,5 есеге ұлғайған.
2025-2026 жылдарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысқа 5 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 3,6 млрд теңгесі немесе 72,7 пайызы игерілді. Аудандарда 90 млн теңге көлеміндегі қаражат тіркеу кезеңінде болса, мақұлданған жобалардың жалпы құны 694,2 млн теңгені құрайды.
Қазіргі таңда игерілген қаражат есебінен 405 кәсіпкер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алған. Оның ішінде 177 шаруашылыққа 10 160 мал басын сатып алу жоспарланған.
Қалған 1,4 млрд теңгені қыркүйек айының соңына дейін игеру көзделіп отыр. Бұл қаражатқа ұсынылатын әлеуетті жобалардың құжаттары 80-90 пайызға дайын. Қазіргі уақытта негізінен жобаларды кепілмен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде.
Бағдарлама аясында бөлінген қаражат толық игерілген жағдайда облыста 657 жоба іске қосылады. Оның ішінде 177 мал шаруашылығы, 20 құс шаруашылығы, 90 қайта өңдеу кәсіпорнына қажетті жабдықтар, 50 ауыл шаруашылығы техникасы, 70 шағын жылыжай, 52 кооператив және 8 туристік глэмпинг іске қосылады. Сонымен қатар 190 шағын цех жұмысын бастап, 509 жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасын тек мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жоба ретінде қарастыруға болмайтынына назар аударды. Оның айтуынша, бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына өнімді қайта өңдеу, жылыжай, құс шаруашылығы, шағын өндіріс және туризм секілді бағыттарда кәсіп бастауға кең мүмкіндік берілген.
– «Ауыл аманаты» – ауыл халқының табысын арттырып, елді мекендердің экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған жаңа модель. Сондықтан бағдарлама аясында бөлінген қаражат қағаз жүзінде қалмай, нақты іске, жаңа жұмыс орындарына және отандық өнім өндіруге бағытталуы тиіс.Бағдарлама мүмкіндіктерін туризм саласында да тиімді пайдалану қажет. Атап айтқанда, туристерге арналған глэмпингтерді қаржыландыруға мүмкіндік бар. Туризм және инвестиция басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, туристік нысандарға жақын аумақтардан глэмпинг орналастыруға қолайлы орындарды анықтап, нақты жобаларды ұсынуы керек. Басты міндет – жоба санын көбейту емес, нақты жұмыс істейтін, турист тартатын және жергілікті халыққа табыс әкелетін нысандарды іске қосу, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңес қорытындысы бойынша аудан әкімдеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасының талаптарын қатаң сақтай отырып, қаржыландырылатын жобалардың сапасына басымдық беру, қаражатты уақытылы игеру және ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу, өндіріс, туризм және басқа да әлеуетті бағыттарды дамыту бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1282058?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау