«Ауыл Life» облыстық жобасы Темір ауданында өтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

26–28 тамыз аралығында Темір ауданында өңір жастарын ауыл өмірімен таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ауыл LIFE» облыстық жобасы өтіп жатыр.

Үш күнге жоспарланған жоба барысында жастар ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, еңбекке араласып, ұлттық салт-дәстүр мен қолөнерді дәріптеп, түрлі бағыттағы сайыстарға қатысуда.

Бірінші күн – «Тарихқа тағзым: Темір өлкесі»

Шұбарқұдық кентінде басталған жоба аясында жастар Досжан Хазірет мемориалдық кешені мен аудандық музейге барып, ақын Ершат Қайболдинмен кездесті. Сондай-ақ қамшы өру, тері өңдеу, кесте тігу, ұршық иіру және құрақ құрау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Күн соңында Quiz ойыны мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімі ұйымдастырылды.

Екінші күн – «Дәстүр мен еңбек – ұлттың өзегі»

Жоба Қопа ауылында жалғасты. Қатысушылар мал қарау, қора тазалау, сиыр сауу, сепаратор тарту, айран ұйыту, қой қырқу, шөп жинау, ағаш жару, құрт жасау, тары түю және май шайқау сияқты ауыл еңбегінің түрлерінен сайысқа түсті.

Сонымен қатар ат ерттеу, бие сауу, таба нан пісіру және ұлттық ойындар бойынша жарыстар өтіп, күн соңында тимбилдинг пен гитарамен шығармашылық кеш ұйымдастырылды.

Үшінші күн – «Ауыл еңбегі – шыдам мен шеберліктің мектебі»

Бүгін, 28 тамызда, жобаның қорытынды күні Қопа ауылында өтуде. Жастар мал сою, ішек-қарын аршу, жіліктеу және бауырсақ пісіру бойынша өз шеберліктерін сынауда.

Жоба соңында салтанатты жабылу рәсімі өтіп, белсенді қатысушылар марапатталады.

«Ауыл LIFE» – ауыл өмірінің шынайы тынысын сезініп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, еңбек мәдениетін танып-білуге және жастар арасындағы бірлікті нығайтуға мүмкіндік беретін тағылымды жоба.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1281744?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version