Еңбек адамы: Бекеевтер әулетінің еңбек жолы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өндіріс саласындағы әрбір жетістіктің негізінде өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандардың еңбегі жатыр. Солардың бірі – Ақтөбе облысының тұрғыны Тойған Бекеева. Мұнай саласында 38 жыл еңбек еткен маман кәсіби жолын сылақшы болып бастап, бүгінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық басшының орынбасары қызметіне дейін жетті. Осылайша, ол отбасындағы еңбек дәстүрін жалғастырып, өз тәжірибесін кейінгі буынға үлгі етіп келеді.

«Басшының негізгі міндеттерінің бірі – қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты құжаттарды жаңартып, өндірістегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге бағытталған шешімдерді енгізуге қатысамын. Әрбір қызметкердің жұмыстан кейін аман-есен, дені сау күйде үйіне барғаны мен үшін маңызды», – деді ол.

Тойған Бекеева еңбек жолында өндірістің дамуына да өзіндік үлесін қосты. Ол Кеңқияқ кен орнында медициналық пункт ашу жұмысына қатысып, биіктікте жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған жеке қорғаныс құралдарын сынақтан өткізуге атсалысты.

Тойғанның еңбек жолы әулетінің тарихымен тығыз байланысты. Оның әкесі Ермек Бекеев те бар ғұмырын мұнай саласына арнаған. Ол 1956 жылдан бастап «Қазақстанмұнай» бірлестігінде, 1964-1988 жылдары Кеңқияқтағы бұрғылау ұңғымаларында жұмыс істеді. 1966 жылы Ермек Бекеев алғашқылардың бірі болып «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы» атағына ие болды. Сондай-ақ «Құрмет белгісі» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.

Анасы Шолпан Бекеева да еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, кәсіби шеберлігінің арқасында «Ақтөбемұнай» өндірістік бірлестігінің Кеңқияқ құрылыс-монтаж басқармасында 6-разрядты сылақшы әрі бригадир деңгейіне дейін көтерілген. Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Сонымен қатар көпбалалы ана ретінде «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілеріне ие болған.

Әлеттің еңбекке адалдығы мен мамандыққа деген құрметі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан басты құндылыққа айналды.

«Отбасым – менің өмірдегі ең үлкен тірегім, күш-қуатым мен мақтанышымның қайнар көзі. Осы құндылықтарды кейінгі ұрпаққа аманаттау арқылы біз ең қымбат дүниелерді сақтаймыз», – дейді Тойған Бекеева. 

Қазір де Тойған өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып, жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, жинақтаған тәжірибесін үйретуде.

Қазақстанда жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп, еңбек құндылықтарын дәріптеуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы кәсіби мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға тың серпін берді.

Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтіледі. Биыл мерекеге орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі бірлесіп, арнайы форум өткізеді. Форум барысында «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары және мемлекеттік награда алған жұмысшы мамандықтарының өкілдері марапатталады.

Әр марапаттың артында өз ісіне деген адалдық, жылдар бойғы қажырлы еңбек, жауапкершілік және әр адамның өзіндік өмір жолы жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1281591?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version