Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту және теміржол арқылы жүк тасымалдаудың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігі басшылығының Илецк-1 мемлекетаралық өткізу пунктінде жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шараға екі елдің теміржол әкімшіліктерінің басшылары, сондай-ақ шекара қызметтерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемінің оң динамикасын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тасымал көлемі 92 млн тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5%-ға артты. 2026 жылдың жеті айында 56,1 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға көп.
Кездесу барысында теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру және Илецк-1 мемлекетаралық өткізу пунктінде жүктерді өңдеу үдерісін жеделдету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар бекіткен Жол картасы аясында өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыруға және пойыздарды өңдеу уақытын қысқартуға бағытталған бірлескен іс-шаралар кешені іске асырылды.
Атап айтқанда, қабылдау-жөнелту жолдарын ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл ұзын құрамды пойыздарды тиімдірек өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бақылау аймағында жарықтандыру жүйесі орнатылып, тасымалдау құжаттарын өңдеуді жеделдету үшін қосымша жұмыс орындары құрылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар теміржол инфрақұрылымын дамыту, жүк тасымалы көлемін ұлғайту, өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің көлік-транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kjvt/press/news/details/1282052?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау