Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі Согра жылу электр орталығына барып, оның алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді. Биылғы жөндеу науқаны бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта Согра ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының 81,3 пайызы орындалған.
Негізгі жабдықтарды жөндеу бойынша бірқатар жұмыстар толық аяқталды. Атап айтқанда, №1 және №2 қазандық агрегаттарына орташа жөндеу, №1 турбоагрегатына күрделі жөндеу, №1 және №2 байланыс трансформаторларына күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, 4-13 шілде аралығында орталық жұмысы тоқтатылған кезеңде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары атқарылды.
Бүгінде №3 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Оның орындалу деңгейі 50,3 пайызды құрайды. Ал №2 турбоагрегатын жөндеу 5-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Бүгінде ЖЭО-да тоғыз мердігер ұйым екі ауысыммен жұмыс істеуде. Оларға барлығы 75 адам жұмылдырылған.
Алдағы жылыту маусымына қажетті отын қоры да қалыптастырылуда. Жылу электр орталығының қоймаларында 77 003 тонна көмір бар. Бұл шамамен 69 тәулікке жетеді. 482 тоннаны құрайтын мазут қоры 19 тәулікке жеткілікті. Жыл басынан бері орталыққа 305 мың тонна жоспардың 236 073 тоннасы, яғни жылдық қажеттіліктің 77,4 пайызы көлемінде көмір жеткізілген.
Согра ЖЭО-ның қысқы кезеңге дайындығын бағалау үшін 2 тамызда арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына Өскемен қаласы әкімдігінің және Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өкілдері кірген. Комиссия жұмысы 10 қыркүйекке дейін аяқталады. Одан кейін жылыту маусымына дайындық паспортын алу үшін уәкілетті органға тиісті өтінім жолданады.
Облыс әкімі нысанды аралау барысында жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударды.
«Алдағы кезеңде негізгі міндет – жөндеу науқанын уақтылы аяқтап, қажетті отын қорын қалыптастыру және ЖЭО жабдықтарының қысқы жүктемеге толық дайын болуын қамтамасыз ету. Сол үшін жұмыс қарқынын күшейтіңіздер. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетеміз», – деді аймақ басшысы.
Согра жылу электр орталығында алдағы жылдарға арналған бірқатар инвестициялық жобалар да әзірленіп жатыр. Солардың бірі – №76 және №76а өндірістік ағынды сулар шығарындыларының су бұру желілерін салу жобасы. Жоба аясында турбоагрегаттардың конденсаторларынан суды Үлбі өзеніне ағызуға арналған ұзындығы 1,351 шақырым, диаметрі 1800 мм су бұру арнасын салу көзделген.
Жобаны 2027-2028 жылдары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 1961 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан тозған су бұру арнасын жаңартуға және ЖЭО жұмысының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2027-2030 жылдарға арналған Согра ЖЭО-ны жаңғырту, кеңейту жөніндегі инвестициялық бағдарлама әзірленген. Соның аясында №3 турбоагрегат, «таза көмір» технологиясын қолдана отырып №4 қазандық агрегатын және желдеткішті градирня салу жоспарланған. Жоба «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасына енгізілген. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде ЖЭО-ның электр қуатын беру мүмкіндігін 44 МВт-қа, ал жылу қуатын сағатына 91,8 Гкал-ға арттыру көзделіп отыр.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1282278?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау