Дәрігер мен науқас арасындағы шиеленісті әңгіме емхана дәлізінде күш қолдануға ұласқан. 17 тамыз күні таңертең қабылдауға келген 51 жастағы қала тұрғыны дәрігермен сөйлескен. Әңгіме барысында дау туындаған. Полицияға түскен арызға сәйкес, медицина қызметкерінің ескертуіне ер адам агрессивті жауап беріп, оның бетіне соққы жасаған.
Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Бұл — өңірде медицина қызметкеріне күш қолдануға қатысты тіркелген екінші жағдай, — дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов. — Маусым айында Шал ақын ауданында жол-көлік оқиғасынан кейін көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкеріне мас күйдегі ер адам күш қолданған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды.
Естеріңізге саламыз: биыл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 380-3-бап енгізілді. Онда медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қорқыту немесе күш қолданғаны үшін жауапкершілік көзделген. Енді медициналық көмек көрсетіп жүрген адамдарға қатысты агрессивті әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін».
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1281612?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау