Мемлекет басшысының өткізу пункттерін жаңғырту және дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» автомобиль өткізу пунктінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының көлік және шекара ведомстволары өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Жиында ҚР көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров пен РФ көлік министрінің орынбасары Валентин Иванов төрағалық етті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы көлік қатынасын дамыту, мемлекеттік шекара арқылы өткізу мүмкіндігін арттыру және шекара инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін талқылады.
Жиындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелерінде автокөлік құралдарының шоғырлану жағдайы және көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету шаралары болды. Тараптар сондай-ақ өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру және мемлекеттік шекарадан өту рәсімдерін жетілдірудің өзекті мәселелерін қарастырды.
Кездесуде ақпараттық жүйелерді интеграциялау және көлік рәсімдерін цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, e-SMR электрондық тауар-көлік жүкқұжатын дамыту, E-Permit жүйесіне көшу, пилоттық жоба аясында инспекциялық-тексеру кешендерімен деректер алмасу, навигациялық пломбаларды қолдану, сондай-ақ жүргізушісіз көлік құралдарын пайдалану жобаларын кеңейту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында делегация «Илецк-1» теміржол өткізу пунктіне, сондай-ақ «Жайсан» автомобиль өткізу пунктіне барды.
Жалпы, Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту көзделген. Қазіргі уақытта олардың үшеуінде — «Әлімбет – Орск», «Сырым – Маштаково» және «Қосақ – Павловка» өткізу пункттерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қалған өткізу пункттеріндегі жұмыстарды аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара көлік қатынасын дамыту, шекаралық инфрақұрылымды дамыту және рәсімдерді цифрландыру бағытындағы бірлескен алдағы жұмыстың қадамдарын айқындады. Бұл шараларды іске асыру шекараның өткізу мүмкіндігін арттыруға, көлік құралдарының өту уақытын қысқартуға және халықаралық тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1281805?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау