Қазақстан мен Тәжікстан денсаулық сақтау саласындағы кәсіби әріптестікті кеңейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Душанбе қаласында Тәжікстандағы Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде «Қазақстан – Тәжікстан: денсаулық сақтау, технологиялар және кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық» форумы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов, Тәжікстан Республикасының Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі Джамолиддин Абдуллозода, екі елдің медициналық және ғылыми ұйымдарының, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Тәжікстанның бейінді ведомство басшысы өзінің құттықтау сөзінде қазақстандық әріптестеріне аталған іс-шараны ұйымдастырғаны және басым бағыттар бойынша әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін кәсіби диалог алаңын ұсынғаны үшін алғысын білдірді.

«Соңғы жылдары Қазақстан медициналық ғылымды дамытуда, денсаулық сақтауды цифрландыруда, заманауи диагностика және емдеу әдістерін енгізуде, сондай-ақ медицина кадрларын даярлауда айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Біз үшін осы тәжірибені зерделеу және халықтарымыздың игілігі үшін бірлесіп жұмыс істей алатын бағыттарды айқындау өте маңызды», – деп атап өтті Тәжікстан Республикасының министрі.

Джамолиддин Абдуллозода тәжірибе алмасу және ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстыру үшін Душанбе қаласына келген қазақстандық мамандарға алғысын білдірді.

«Тәжірибе алмасудан екі елдің медициналық ұйымдары мен мамандарының арасындағы нақты бірлескен жұмысқа көшу ерекше құндылыққа ие. Дәл осындай тәсіл Тәжікстандағы Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде жүзеге асырылды. Аталған іс-шаралар практикалық медициналық көмекті, білім беру іс-шараларын және кәсіби тәжірибе алмасуды біріктірді», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов.

Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарының мамандары кардиологиядан және кардиохирургиядан бастап эндокринология, травматология, акушерия және гинекологияға дейінгі кең ауқымды бағыттар бойынша консультациялар, мастер-кластар, клиникалық талдаулар және басқа да практикалық іс-шаралар өткізді. Форум барысында қазақстандық тарап ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі нәтижелерін таныстырды. 2025 жылы Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, ел тәуелсіздігі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Нәрестелер өлімі де тарихи ең төмен деңгейге жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 14%-дан астамға төмендеп, 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда 5,85 жағдайды құрады. Басқа да негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Жалпы өлім 0,8%-ға – 1 000 тұрғынға шаққанда 6,39-дан 6,34 жағдайға дейін төмендеді. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім 5%-ға қысқарды. Жүйелі өзгерістер медициналық инфрақұрылымды ауқымды түрде дамыту жұмыстарымен қатар жүруде. Елде 813 медициналық нысан, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 655 нысан салынды. Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін 1,5 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. Қазақстан медицинасы күндерінің маңызды нәтижелерінің бірі – екі елдің медициналық ұйымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен клиникалары арасында 6 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Аталған құжаттар инновациялар, жаңа медициналық технологияларды әзірлеу және енгізу, диагностика мен емдеуді цифрландыру, ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ кәсіби білім мен медициналық көмекті ұйымдастырудың озық тәжірибелерімен алмасу салаларындағы одан әрі ынтымақтастыққа негіз қалайды. «Біз кәсіби байланыстардың тұрақты әріптестік жобаларға – бірлескен зерттеулерге, мамандарды оқытуға, технологияларды енгізуге және медициналық ұйымдар арасындағы тікелей өзара іс-қимылға ұласуына ұмтыламыз», – деп атап өтті Манас Рамазанов. Форум алаңында медициналық қызметтер, ғылыми орталықтар мен клиникалардың басшылары қатысқан панельдік сессиялар өтті. Сарапшылар жоғары технологиялық хирургия және білім трансфері, акушерия мен гинекологиядағы инновациялық технологиялар, медициналық инфрақұрылымды және жедел медициналық көмекті дамыту мәселелерін талқылады.

Құттықтау сөздерімен Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Елшісі Уәлихан Төреханов және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Тәжікстандағы елдік директоры Цяо Цзяньжун да сөз сөйледі. Тәжікстандағы Қазақстан медицинасы күндері практикалық медицина, білім беру және тәжірибе алмасуды біріктірген кәсіби өзара іс-қимылдың мазмұнды бағдарламасымен аяқталды. Іс-шаралар екі ел арасындағы әріптестікті нығайтудағы және Қазақстан мен Тәжікстанның денсаулық сақтау жүйелерін дамыту мүддесінде бірлескен жұмыс үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудағы кезекті маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1281555?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version