Қазақстан театрлары жаңа маусымды премьера, гастроль және жаңарған инфрақұрылыммен ашады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан театрлары жаңа маусымды тың қойылымдармен, халықаралық жобалармен және жаңарған инфрақұрылыммен ашады. 2025-2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша еліміздің театрларында 16 мың спектакль қойылып, 410 премьера сахналанды. Оларды 2,8 миллионнан астам көрермен тамашалады.

«Астана Балет» XIV театр маусымын 28 және 29 тамызда Корей ұлттық балетінің гастроль аясындағы қойылымдарымен ашады. Көрермен Адольф Аданның музыкасына жазылған «Корсар» балетін тамашалайды. Театрдың халықаралық бағдарламасы Вьетнам, Франция және Аустриядағы өнер сапарларымен жалғасып, қазақстандық хореография мен заманауи репертуар шетелдік көрерменге таныстырылады.

«Астана Опера» XIV театр маусымын 4 және 5 қыркүйекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Биыл композиторлардың 120 жылдығына орай бұл туындының сахналануының мәні айрықша. Жаңа маусымда «Чарли и Ирэн», «Томирис» балеттері мен балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклінің премьералары өтеді. Балет труппасының Италияға гастролі және Қазақстан өңірлеріндегі өнер сапарлары да жоспарланған.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының желісімен қойылған «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашады. Туынды алғаш рет балет сахнасында қойылады. Маусымның ашылуы аясында опера, балет, симфониялық музыка, хор, джаз, этно және заманауи музыкалық бағыттарды тоғыстыратын «Мұра» Open-Air гала-концерті де өтеді.

Жаңа маусымда балаларға арналған қойылымдарға да басымдық беріледі. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында театрлар балаларға 3 948 спектакль көрсетіп, оны 559 885 жас көрермен тамашалады. Бұл бағытта балалар мен жасөспірімдер театрлары, қуыршақ және жастар театрлары жұмыс істеп келеді.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры биыл 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейтой қарсаңында театр халықаралық деңгейде бірқатар жетістікке қол жеткізді. «Ұлпан» спектаклі Бішкекте өткен «ART-ORDO» халықаралық театр фестивалінде Гран-при иеленіп, тағы үш аталым бойынша жүлдеге ие болды.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздің театрлары 407 рет гастроль ұйымдастырды. Оның 394-і ел ішінде, 13-і шетелде өтті. Ауқымды жобалардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының Сингапурдағы және Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың Түркиядағы гастролі бар.

Қазақстан театрлары халықаралық байқауларда да бірқатар жетістікке жетті. «Астана Опера» театрының «El Voice» вокал тобы «Солдатский конверт» халықаралық байқау-фестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал театр скрипкашысы Бағдат Әбілханов Далянь қаласында өткен GRAND ART EXPRESS-CHINA халықаралық байқауында І орын иегері атанды.

Театр ғимараттарын жаңарту жұмыстары да жалғасып келеді. Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба аясында ғимараттың тарихи келбетін сақтап, инженерлік жүйелерін жаңарту, көрермен мен шығармашылық ұжымға заманауи жағдай жасау көзделген.

Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын жаңарту жұмыстары аяқталып қалды. Нысанның құрылыс дайындығы – 98%. Тарихи ғимарат пен жаңа жапсаржайдағы негізгі жұмыстар аяқталып, инженерлік жүйелер мен сахна жабдықтары орнатылды, айналасы абаттандырылды. Ғимарат 7 қараша күні театрдың туған күнінде қайта ашылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1281584?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version