Бүгін Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Шарада аймақ басшысы Сыр елінің бас шаһарының дамуына серпін беретін жобаларға тоқталды. Соның бірі – Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы. «Астана» шағын ауданы мен Президент саябағын жалғайтын, қаламыздың жаңа сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды инфрақұрылымдық жоба Нұрлыбек Машбекұлының бастамасы болатын.
«Жаңа көпір құрылысын тәжірибесі мол «Әлем Құрылыс» компаниясы жүргізеді. Ұзындығы – 319,4 метр, ені – 12 метр, жалпы құны 13 млрд теңгеге жуықтайды. Ені 3 метр жаяу жүргіншілер жолы және көпір бойында әрқайсысының ені бір жарым метр болатын екі веложолақ салынады.
Биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 38 млрд. теңгенің 23 жобасы іске асырылуда, 71 көше күрделі жөндеуден, қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Мәселен, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы толық біткенде, көлік қатынасы реттеледі. Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Осылайша, жаңа көпір мен жаңартылған Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен әрі заманауи қақпаға айналады.
Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылы мен негізгі көшелер қайта жаңғыртылды. Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз, Есенов көшелері кеңейді.
Бұл игіліктер Президентіміз бен Үкіметтің қолдауының арқасында жүзеге асуда. Баршаңыздың ел дамуы, тұрғындарымыздың жайлы тұрмысы мен өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолындағы өрелі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, құрылыстың капсуласы салынды.
Бүгінде өңірді дамытудағы ілкімді істер жүйелі жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Президент саябағы жаңа кейіпке енді. Осы аумаққа келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін автожол және автотұрақ салынды.
Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да қарқын алды. Дария жағалауына екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолдары түсуде.
Бұдан бөлек, жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «Aй-Керім» оқу-сауықтыру орталығы ашылып, жерлестеріміздің қуанышы еселенді. Лагерь жанынан Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Бақ жасыл желектің бірегей түрлері өсетін, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын орынға айналды.
Саябақты жалғайтын тоғыз қабатты 15 тұрғын үй кешені жақын арада пайдалануға беріледі. Тұрғын үй кешенінің жанынан бес жұлдызды және «Ибис» қонақ үйлері, 200 орындық перинаталдық орталық бой көтеріп келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президенттік кітапхана мен драма театрдың іргетасы қаланып, құрылысы жүргізілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1281980?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау