СҚО әкімі Мамлют ауданындағы аграрлық және әлеуметтік жобалардың барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімі Мамлют ауданына жұмыс сапары барысында егін жинау науқанының барысымен, мал шаруашылығының дамуымен, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Қазір өңірде егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Бүгінде облыс бойынша егіс алқаптарының 37%-дан астамы орылып, орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрап отыр. Биыл Мамлют ауданындағы егіс алқабы 185,1 мың гектарды құрады. Шаруашылықтар орақ науқанын жақсы қарқынмен жүргізуде, қажетті техника толық жұмылдырылған.

Мамлют ауданы – Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қаражұмановтың туған жері. Ол бүгінде де туған өлкенің игілігі жолында еңбек етіп келеді. Оның ұлы Қайыргелді мен немересі Ернұр да отбасылық дәстүрді жалғастырып, егін алқаптарында жиі өнер көрсетіп, науқан кезінде еңбек адамдарына рух беріп жүр.

✔️Ауданда мал шаруашылығы да жүйелі дамып келеді. «Айтеке-БИ СК» ЖШС-де өңір басшысы сүт-тауарлы ферманың жұмысымен және ет бағытындағы асыл тұқымды мал репродукторларын құруға арналған жаңа нысандардың құрылысымен танысты. Ал «Мамбетов и К» КС-де заманауи технологиялар енгізілуде. Мұнда төлдерді азықтандыруға арналған тәжірибелік интеллектуалды станция жұмыс істейді.

✔️Ауданда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өндірісті дамытумен қатар, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымына да қаржы бағыттап келеді. «Айтеке-БИ СК» ЖШС Краснознаменное ауылында мәдени-демалыс орталығын, Петерфельд ауылында тұрғын үйлер салып жатыр. «Мамбетов и К» КС абаттандыру, сквер салу, тұрғын үй құрылысы және басқа да әлеуметтік жобаларды қолдауда. Жалпы аудан аграршылары әлеуметтік нысандарды дамытуға 785 млн теңге бағыттады.

✔️Сапар барысында инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы да назардан тыс қалмады. Мамлютка қаласында «Жастар» стадионы қайта жаңғыртылуда. Токаревка ауылында сумен жабдықтау жүйесінің маңызды нысандарында жұмыстар басталды. Жоба аяқталғаннан кейін су жүйесінің сенімділігі артып, апаттық жағдайлардың туындау қаупі төмендейді.

✔️Ауданның цифрлық инфрақұрылымы да дамып келеді. «Ауыл Online» жобасы аясында 13 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда. Бұл тұрғындарды, мекемелер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы облыс бойынша мұндай жұмыстар 264 ауылды қамтиды.

✔️Өңір басшысы сондай-ақ тұрғындары салауатты өмір салтын таңдаған облыстағы 51 елді мекеннің бірі – Бике ауылында болды. Мұнда футбол алаңы салынған, мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр, мәдениет үйі жаңартылған, шағын бизнес дамуда. Одан бөлек, 93 жастағы  ауыл тұрғыны Қайыркен Рахымұлы Бегеновтің шаңырағына да арнайы барып, хал-жағдайын білді. Қария ұзақ жылдар бойы туған өлкенің игілігі жолында адал еңбек еткен.

✔️Сапар соңында Мамлют ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында елді мекендерді дамыту, инфрақұрылым және әлеуметтік салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Көтерілген барлық өтініштер мен ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмысқа енгізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1281652?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version