Түркістан облысында 2026 жылдың басынан бері төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары атқарылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмендеген. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Асқар Сейсенов мәлімдеді.
“Жыл басынан бері облыс аумағында 246 өрт тіркелді. Өрт салдарынан 5 адам қаза болып, 7 адам жарақаттанған. Негізгі себептердің бірі – электр қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. Өрттен келген материалдық шығын 803 млн теңгені құраса, құтқарылған мүлік көлемі 1,45 млрд теңгеге жетті. Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері жыл басынан бері авариялық-құтқару жұмыстарына 374 рет шығып, 132 адамды құтқарған. Сонымен қатар, 23 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі дабыл бойынша 2 459 рет шыққан. Өңірдегі орман алқаптарында 2 өрт дерегі тіркеліп, жалпы 60,7 гектар аумақты қамтыған. Бұл ретте минералданған жолақтарды жасау жоспары 100% орындалды. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Қауіпті су айдындарында 1 086 рейд өткізіліп, 172 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балалар арасындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында 2 мыңнан астам бала жүзуге тегін оқытылды”-деді спикер.
Сондай-ақ, құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Департамент теңгерімінде 244 өрт техникасы бар, бұл қажеттіліктің 75,5%-ын құрайды. Нормаға сәйкес қосымша 101 техника қажет. Сонымен бірге, шалғай ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ашу жұмыстары жүргізілуде. 2025-2026 жылдары 11 өрт сөндіру бекеті ашылып, тағы 8 бекеттің құрылысы жүріп жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-turkistan/press/news/details/1281851?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау