Түркістан облысы еліміздің аграрлық саласында көш бастап келеді. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша облыста 458,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 111,1 пайызды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орынға шықты.
Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенге 161,6 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Ал облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім экспортталып, экспорт көлемі 2 есеге өсті.
Аталған жетістіктер аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін басқа өңірлерге шығарып, жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыруға мүмкіндік алып отыр. Осы мақсатта 29-30 тамыз күндері Алматы қаласында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Жәрмеңкеге облысымыздың аудан-қалаларынан жалпы көлемі 500 тоннадан аса өнім тиелген көліктер жолға шықты. Алматы тұрғындарына ет және сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары және басқа да жергілікті өнімдер ұсынылады.
Ең бастысы, жәрмеңкеде өнімдер нарықтағы орташа бағадан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылады. Бұл – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өз өнімін тікелей тұтынушыға өткізуге, ал тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді отандық өнімді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Мұндай жәрмеңкелер—тек сауда алаңы ғана емес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өткізу нарығын кеңейтетін маңызды құрал. Сондай-ақ «Егістіктен – сөреге дейін» қағидаты арқылы делдалдық тізбекті қысқартып, өңіраралық сауда байланыстарын нығайтуға және Түркістанда өндірілген сапалы өнімді тұтынушыға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1281640?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау