Вильнюс, 2026 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Елшілігі барша ниет білдірушілерді Вильнюстегі Адам Мицкевич атындағы кітапханада өтіп жатқан көрмені тамашалауға шақырады. Фотокөрме Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Көрмеге қойылған деректі фотосуреттер ядролық дәуір тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі – Семей полигонының тарихы, онда жүргізілген сынақтардың ауқымы және олардың адамдар мен қоршаған ортаға тигізген ұзақ мерзімді зардаптары туралы баяндайды. Көрме кітапхана келушілері үшін бір апта бойы ашық болады.
29 тамыз Қазақстан үшін айрықша тарихи маңызға ие. Дәл осы күні, 1991 жылы, 1949 жылдан 1989 жылға дейін 456 ядролық сынақ жүргізілген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Он сегіз жылдан кейін, 2009 жылы, Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Семей полигонының жабылуы Қазақстанның дәйекті антиядролық бағытының бастауына айналды. Ел Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мұраға қалған әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдардың бірінен өз еркімен бас тартып, кейінгі онжылдықтар бойы ядролық қарусыздануды, таратпауды және ядролық сынақтарды түпкілікті тоқтатуды дәйекті түрде жақтап келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vilnius/press/news/details/1281858?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау