2026 жылғы 27 тамызда сағат 11:00-де Достық үйінің конференц-залында Ақмола облысының дін істері басқармасы «Ынтымақ» діни бірлестіктері жетекшілері кеңесінің отырысы аясында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның модераторы Ақмола облысының дін істері басқармасының бөлім басшысы Күшкенов Еркін Сағитұлы болды.
Кіріспе сөзінде Күшкенов Е.С. қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Өз сөзінде ол ағымдағы жылдың 15 наурызында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткенін және 1 шілдеден бастап Конституцияның ресми түрде күшіне енгенін атап өтті. Сондай-ақ 1 шілдеге дейін бес дербес конституциялық заң қабылданып, жаңа Конституцияға сәйкес 15 кодекс пен 51 заңға өзгерістер енгізілгенін айтты. Бұдан бөлек, тағы 18 заңға түзетулер әзірленіп жатқанын, олардың сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстар өткізу, волонтерлік қызметті, қайырымдылықты, мәдениет пен кинематографияны қолдау және жаңа Конституциядан туындайтын өзге де мәселелерге қатысты екенін жеткізді.
Сонымен қатар, 23 тамызда Құрылтай сайлауы өткенін және алғашқы отырыстың 28 тамызға белгіленгенін атап өтті. Бұдан бөлек, ол Негізгі заңда алғаш рет діннің мемлекеттен бөліну қағидаты енгізілгенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ діни қызметкерлер өздеріне тәубе ету кезінде сенім білдірген азаматтар туралы куәлік беруден босатылатынын және Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарындағы оқыту мен тәрбие беру жүйесі діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, зайырлы сипатта болатынын айтты.
Күшкенов Е.С. жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Конституция күнін мерекелеу күні де өзгеріп, 30 тамыздан 15 наурызға ауыстырылғанын хабарлады.
«Пресвитериандық» Евангелиялық-христиандық миссионерлік орталығының жетекшісі Темірбаева Бәтагөз Маратқызы зағиптар қоғамымен ынтымақтастықтың басталуы туралы естеліктерімен бөлісіп, қайырымдылық акцияларының бірін өткізу барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған оқиға жөнінде айтып берді. Сондай-ақ қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық шаралары туралы баяндап, көмек сұрап жүгінген азаматтардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Көкшетау қаласындағы Жетінші күн адвентистері христиан шіркеуінің жетекшісі Бондаренко Олег Александрович өз сөзін адвентистер ілімінің қалыптасу тарихына қысқаша шолу жасаудан бастады. Ол шіркеудің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде салауатты өмір салтын насихаттау мен тарату ісін атап өтіп, оның сегіз негізгі қағидаттан тұратынын айтты. Сонымен қатар, шіркеудегі түрлі қызмет бөлімдерінің жұмысы туралы ақпарат берді.
Қорытынды сөзінде Күшкенов Е.С. дөңгелек үстел жұмысына белсенді қатысқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1281633?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау