1. Су қорғау аймақтары мен белдеулері не үшін қажет
Су қорғау аймақтары мен белдеулері су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау, сондай-ақ су экожүйелерін, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау мақсатында белгіленеді.
Олардың аумағында шаруашылық қызметтің арнайы режимі қолданылады. Яғни құрылыс жүргізу, түрлі жұмыстар атқару және жерді пайдалану кезінде белгіленген шектеулерді ескеру қажет.
Су қорғау аймағы – су объектісіне іргелес орналасқан, оның шегінде шаруашылық қызметке шектеулер белгіленетін аумақ.
Су қорғау белдеуі – су объектісіне тікелей іргелес орналасқан және онда барынша қатаң режим қолданылатын аумақтың бір бөлігі.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін кім және қашан белгілейді
Су кодексіне сәйкес, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
Жаңа Су кодексіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар құжат қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде, яғни 2027 жылғы 10 маусымға дейін, елді мекендердің шекаралары шегіндегі су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуді қамтамасыз етуге тиіс.
Олардың шекаралары белгіленгеннен кейін аумақтарды жоспарлау, жер учаскелерін беру және шаруашылық қызметті, оның ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде ескерілуі керек.
3. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді
Су қорғау аймақтары мен белдеулері әлі белгіленбеген елді мекендерден тыс аумақтар үшін жеке ереже қарастырылған.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Су кодексінің 87-бабы күшіне енеді. Бұл бап осындай аумақтардағы су қорғау аймақтары мен белдеулерін анықтау тәртібін белгілейді. Ресми шекаралары әлі белгіленбеген болса да, заң талаптары автоматты түрде қолданылады.
4. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінде қандай шектеулер бар
Су кодексінің 86-бабы жерүсті су объектілерінде, сондай-ақ олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметтің арнайы режимін белгілейді.
Су қорғау аймақтарында су объектілерінің жағдайына кері әсер етуі мүмкін жекелеген қызмет түрлеріне шектеулер қойылады.
Су қорғау белдеуінде бұдан да қатаң режим қолданылады. Атап айтқанда, Су кодексінде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстарды салуға және пайдалануға тыйым салынады.
Кодексте көзделген ерекшеліктерге жекелеген су шаруашылығы және су алу құрылыстары, көпірлер, айлақтар, порттар, пирстер және су объектілерін пайдалану мен қорғауға қажетті басқа да нысандар жатады.
Сондықтан өзен, көл немесе су қоймасының маңындағы құрылыс жұмыстары су қорғау аймағы мен белдеуінің шекаралары және олар үшін белгіленген режим ескеріле отырып жүргізілуге тиіс.
5. Елді мекендерден тыс аумақта су қорғау аймағы қалай анықталады
Егер елді мекеннен тыс аумақта су қорғау аймағы мен белдеуі әлі белгіленбеген және жерүсті ағынын ұстап қалатын табиғи немесе жасанды кедергілер болмаса, 87-бап су қорғау аймағының сыртқы шекарасын анықтау үшін нақты қашықтықтарды белгілейді.
500 метр – өзендер мен арналық су қоймалары үшін;
300 метр – толтырылатын су қоймалары мен су айдынының ауданы 2 км²-ге дейінгі көлдер үшін;
500 метр – толтырылатын су қоймалары мен су айдынының ауданы 2 км²-ден асатын көлдер үшін.
Қашықтық Су кодексінің 87-бабында белгіленген тиісті су деңгейінен бастап есептеледі.
6. Ал су қорғау белдеуінің ені қанша?
Сол аумақтар үшін 87-бап су қорғау белдеуінің сыртқы шекарасын тиісті су деңгейінен 35 метр қашықтықта белгілеуді көздейді.
Бұл ретте Кодексте су қорғау белдеуінің енін анықтаудың арнайы ережелері қарастырылған. Атап айтқанда, егер оның ені 200 метрден асса, су қорғау белдеуінің сыртқы шекарасы көпжылдық орташа сабалық су деңгейіндегі су жиегінен 200 метр қашықтықта орналасқан сызық болып белгіленеді.
Маңызды: 35 метр – 87-бапта тиісті аумақтар үшін белгіленген су қорғау белдеуінің шекарасы. Бұл барлық су объектілері мен барлық жер учаскелері үшін бірдей қолданылатын әмбебап қашықтық емес.
7. Бұл жер учаскелерінің иелері үшін нені білдіреді
Егер жер учаскесі өзеннің, көлдің немесе су қоймасының маңында орналасса, ең алдымен осы су объектісі үшін су қорғау аймағы мен белдеуі белгіленген- белгіленбегенін және олардың шекарасы қай жерден өтетінін анықтау қажет.
Егер шекаралары белгіленген болса, шаруашылық қызмет үшін белгіленген режимді сақтау қажет.
Ал егер жер учаскесі елді мекеннен тыс жерде орналасып, су қорғау аймағы мен белдеуі әлі белгіленбеген болса, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Су кодексінің 87-бабында көзделген ережелер қолданылады.
Бұл талаптарды су объектілерінің маңында құрылыс жұмыстарын жоспарлау, жер қазу жұмыстарын жүргізу және басқа да шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде ерекше ескеру қажет.
8. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекарасын қайдан білуге болады
Белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйелерде және жария кадастрлық картада заңнамада белгіленген тәртіппен көрсетілуге тиіс.
Жер учаскесін сатып алмас бұрын немесе су объектісінің маңында құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын оның белгіленген су қорғау аймағы мен белдеуіне қатысты орналасуын тексеру ұсынылады.
Су объектілерінің маңындағы аумақтарды қорғау – ҚР Су кодексінде белгіленген маңызды талаптардың бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1281538?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау