Жаңа оқу жылына дайындық: Жамбыл облысындағы 530 мектептің санитариялық жағдайы бақылауда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты Жамбыл облысындағы білім беру ұйымдарының қауіпсіз әрі санитариялық талаптарға сай жұмыс істеуіне ерекше мән берілуде. Балалардың денсаулығын сақтау, білім алуы мен тәрбиесіне қолайлы жағдай жасау – санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің негізгі бағыттарының бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балаларды қорғау күніне арналған үндеуінде жас азаматтардың құқықтары мен денсаулығын қорғау, олардың үйлесімді дамуына жағдай жасау мемлекеттің тікелей конституциялық әрі жалпыұлттық міндеті екенін атап өткен болатын. Осы міндетті іске асыруда отбасы, мектеп және мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызы зор.

Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармалары жаңа оқу жылына дайындық мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша әкімдіктерге, облыстық білім басқармасына және оның аумақтық бөлімдеріне 30-дан астам хат жолданды.

Облыста 530 мектеп жұмыс істейді

Бүгінде Жамбыл облысында 530 мектеп бар. Оның 448-і мемлекеттік, 82-сі жекеменшік білім беру ұйымдары. Мектептердің 152-сі қалада, 378-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Олардың 393-і, яғни 74 пайызы үлгілік ғимаратта, ал 137-сі немесе 26 пайызы бейімделген ғимаратта жұмыс істейді.

Сонымен қатар облыста 10 мектеп-интернат бар. Оның 9-ы қалада, 1-еуі ауылдық жерде орналасқан. Интернаттардың тең жартысы үлгілік, қалғаны бейімделген ғимараттарда орналасқан.

Білім беру ұйымдарының инженерлік инфрақұрылымына да ерекше назар аударылуда. 530 мектептің 440-ы орталықтандырылған сумен жабдықталған, 89 мектеп жергілікті сумен қамтылған. Мойынқұм ауданындағы Қашқантеңіз бастауыш мектебінде тасымалданатын су пайдаланылады.

Кәріз жүйесі бойынша 132 мектеп орталықтандырылған жүйеге қосылған болса, 398 мектеп жергілікті кәріз жүйесін пайдаланады. Ал жылыту жүйесі 108 мектепте орталықтандырылған, 422 мектепте жергілікті, яғни автономды жүйе арқылы қамтамасыз етіледі.

Апатты мектептердің мәселесі шешілуде

Жыл басында облыста екі апатты мектеп болған.

Мойынқұм ауданы Күшаман ауылындағы шағын орталығы бар Амангелді атындағы орта мектептің ғимараты бойынша техникалық сараптама жүргізіліп, оның апатты жағдайда екені расталды. Мұнда 143 оқушы білім алады. Мәселені жаңа ғимарат салу арқылы шешу жоспарланған. Қазіргі уақытта оқушылар уақытша ауылдық әкімдік ғимаратында оқып жатыр.

Ал Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп бойынша Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен жаңа корпус құрылысы аяқталды. Қазір жаңа ғимаратқа санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Жеті нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде

2026 жылы облыста 6 мектеп пен 1 интернат ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, Жуалы ауданындағы Шақпақ ата ауылындағы К.Сағындықов атындағы №4 орта мектепте, Қордай ауданындағы Беріктас ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы №28 мектепте, Тараз қаласындағы №54 мектепте, сондай-ақ Шу ауданындағы Абай, Көкқайнар және Мойынқұм ауылдарындағы мектептерде жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Тараз қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында да күрделі жөндеу жүргізілді.

Бүгінде интернаттағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Мектептердегі жұмыстардың орындалу деңгейі 72-ден 99 пайызға дейін жетіп отыр.

Сонымен бірге жыл соңына дейін облыста 12 білім беру объектісінің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Оның ішінде 3 мектеп және білім беру ұйымдарына арналған 9 қосымша ғимарат бар.

Бұл нысандар Байзақ, Жамбыл, Талас, Шу, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында орналасқан.

Мониторинг барысында 98,5 пайыз нысанда бұзушылық анықталды

Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын бағалау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары 2026 жылғы маусым айында ауқымды мониторинг жүргізді.

Мониторингке облыстағы 532 білім беру объектісі қамтылды. Оның ішінде 505 жалпы білім беретін мектеп, 14 мектеп-интернат және 13 мектептің ас блогы бар.

Нәтижесінде санитариялық талаптардың бұзылуы 524 нысанда, яғни мониторингке қамтылған объектілердің 98,5 пайызында анықталды.

Анықталған кемшіліктердің басым бөлігі жөндеу және инженерлік инфрақұрылым мәселелеріне қатысты.

Мәселен, 419 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталса, 214 объектіде инженерлік желілерді жөндеу талап етілген. Бұдан бөлек, 13 нысанда қоршауларды, 21 объектіде жол төсемдерін жөндеу қажеттігі белгіленді.

Анықталған кемшіліктер бойынша 520 ұйғарым берілді. Төрт объектіге жедел ден қою шаралары қолданылды.

Бүгінде 514 ұйғарым бойынша білім беру ұйымдары анықталған кемшіліктердің жойылғанын растайтын құжаттар мен фотоматериалдарды ұсынған.

Сонымен қатар 6 мектепке жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тексеру барысында барлық ескертулердің жойылғаны анықталды.

Мойынқұм ауданындағы 2 және Тараз қаласындағы 6 мектеп бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржы бөлу туралы 8 жеке ұсыным енгізілді.

Мектеп формасы мен рюкзактардың сапасы да тексерілуде

Жаңа оқу жылына дайындық тек білім беру ғимараттарының жағдайымен шектелмейді. Оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өнімдердің сапасы да санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда.

Мониторинг барысында балалар киімінің 61 үлгісі зертханалық сараптамаға алынды. Оның ішінде 24 мектеп формасы және 8 мектеп рюкзагы бар.

Зерттеу нәтижесінде 26 үлгінің таңбалануы талаптарға сәйкес келмеген. Оның ішінде 15 мектеп формасы мен 4 мектеп рюкзагы бар. Анықталған сәйкессіздіктер бойынша өнімдерді кері қайтарып алу жөнінде тиісті қаулылар қабылданды.

Балалардың тамақтануына да ерекше көңіл бөлінеді

2025 жылдан бастап облыс мектептерінде жаңа Тамақтану стандарты мен мектепте тамақтандырудың үлгілік перспективалық мәзірі енгізілді.

Жаңа стандарттың негізгі мақсаты – балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету. Осыған сәйкес ас мәзірінде тұз, қант және май мөлшерін азайтуға, көкөністер мен жемістерді көбейтуге, ет өнімдерінің түрлерін, соның ішінде жылқы етін әртараптандыруға басымдық берілген.

Сонымен қатар құрамында тұз бен қант мөлшері жоғары, табиғи емес өнімдер, оның ішінде бірқатар шұжық және ысталған өнімдер, құрамында қанты бар шырындар мәзірден алынып тасталды.

Мұндай шаралар балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да жұқпалы емес аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған.

Жамбыл облысында мектептердегі перспективалық мәзірді Денсаулық сақтау басқармасы бекітеді.

Түсіндіру жұмыстары күшейтілді

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен тамақтандыру қызметін көрсететін кәсіпкерлер арасында да түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.

Негізгі назар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, тамақтануды дұрыс ұйымдастыру және тағамнан уланудың алдын алу мәселелеріне аударылуда.

2026 жылдың өткен кезеңінде білім басқармасының аудандық бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдарға 121 ақпарат дайындалды. 46 семинар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында 36 мақала жарияланды. Радиотораптарда 9 сөз сөйлеу ұйымдастырылып, 3347 түсіндіру әңгімесі жүргізілді.

Сонымен қатар 522 дәріс, 11 дөңгелек үстел, 3 акция және 53 Ашық есік күні ұйымдастырылды. Тұрғындармен 5 кездесу өткізіліп, 827 ақпараттық парақша таратылды.

Департамент пен аумақтық басқармалардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында білім беру ұйымдарындағы санитариялық талаптарға қатысты 466 жарияланым орналастырылды.

Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жаңа оқу жылында да білім беру және тәрбие беру объектілеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды.

Өйткені баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуы – оның денсаулығы мен болашағына салынған ең маңызды инвестициялардың бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1281787?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version