Астанада өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спартакиада ұйымдастырылды. Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» ұранымен өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спартакиаданың негізгі мақсаты – жастарды спортқа және басқа да пайдалы іс-шараларға тарту, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, спартакиадаға 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қатысты.
«Бүгінгі іс-шараға қатысуға 300-ге жуық адам ниет білдірді. Алдын алу жұмыстары жан-жақты болуы керек. Сондықтан спартакиада бірнеше кезеңге бөлінді», – деді Әлия Қибатқызы.
Күннің бірінші жартысында шағын футбол мен волейболдан жарыстар өтті. Одан кейін спорттық бағдарлама М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында жалғасты. Онда қол күресі, гір көтеру, кермеге тартылу және арқан тартудан жарыстар, сондай-ақ пенчак-силаттан көрсетілімдік жаттығулар ұйымдастырылды. Спартакиада жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Біз мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік ұйымдарда профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Алайда кейде өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар назардан тыс қалып жатады. Олар жұмыс істеп, өз бетінше табыс табатындықтан, біздің дәрістеріміз бен семинарларымызға қатыса алмауы мүмкін. Сондықтан осы жастар арасында осындай ауқымды іс-шара өткізуді ұйғардық», – деп түсіндірді Әлия Қибатқызы.
Жарысқа қатысушылардың бірі – Zigizagi командасының мүшесі Бекзат Ермекбай. Ол спартакиада туралы Instagram әлеуметтік желісінен біліп, онлайн өтінім берген.
«Мен алғаш рет қатысып тұрмын. Көңіл күйіміз өте жақсы. Шағын футболдан чемпион атанамыз деп үміттенемін», – деді қатысушы.
Оның пікірінше, жастарға арналған мұндай спорттық іс-шараларды жиі өткізу қажет.
Іс-шараны ұйымдастыруға Oyan қозғалысының еріктілері де атсалысты. Олар қатысушыларды тіркеуге көмектесіп, қонақтарға жарыс алаңдарында бағыт-бағдар беріп, тәртіпті қадағалады.
Еріктілер қозғалысының жетекшісі Сабина Жұматаева олардың тобында 75-ке жуық адам бар екенін және жаз бойы түрлі іс-шараларға қатысқанын айтты.
«Менің ойымша, мұндай іс-шаралар ең алдымен жастарға өте жақсы әсер етеді. Өзім де басқа жастардың ойынға қатысып, салауатты әрі белсенді өмір салтын қолдайтынын көрсеткенін тамашалағанды ұнатамын. Бұл өзгелерге үлгі болады», – деді Сабина Жұматаева.
Еріктінің айтуынша, профилактикалық іс-шаралардан кейін жастар белсенділерге келіп, алған әсерлерімен бөліскен және мұндай акциялардың оларды ойлануға жетелегенін айтқан.
«Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, өмірді сүйіңіздер және бақытты болыңыздар», – деп жастарға үн қатты ол.
Спартакиаданы Астана қаласының Полиция департаменті, елорданың Сарыарқа ауданының әкімдігі, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қалалық Білім басқармасы және «Пенчак силат» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1282367?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау