Бішкекте ШЫҰ Саммитіне дайындықтың негізгі мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 27-30 тамыз аралығында Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы өтті.

Ұлттық үйлестірушілер 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысының қорытынды құжаттарының жобаларын қарастырды, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ұйым қызметін жетілдірудің өзекті аспектілеріне және оның шарттық-құқықтық базасын нығайтуға ерекше назар аударылды.

«Бішкек қаласында өтетін Мемлекет басшыларының алдағы Саммиті ШЫҰ-ны одан әрі дамыту тұрғысынан айрықша маңызға ие. Ұйымның 25 жылдығы атап өтілетін биылғы жылы өткен кезеңді қорытындылап қана қоймай, алдағы өзара іс-қимылдың нақты бағдарларын айқындау маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның тиімді әрі теңгерімді көпжақты құрылым ретіндегі рөлін нығайтуға айрықша мән береді», – деді Қазақстан Республикасының ШЫҰ істері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев.

ШЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша Ұйым қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ауқымды құжаттар топтамасын қабылдау жоспарлануда. Олардың қатарында ШЫҰ-ның 25 жылдығына орайластырылған Бішкек декларациясы бар.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1282431?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version