Алматыда Қазақстанның, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Әзербайжанның, Еуропа, Азия және Қытайдың жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстанның интервенциялық кардиологтары және эндоваскулярлық хирургтер қоғамының XIV конференциясы өтуде. Бүгінде интервенциялық кардиология – медицинадағы ең жоғары технологиялық бағыттардың бірі. Заманауи халықаралық стандарттар мен хаттамаларды енгізу Қазақстанда аса күрделі интервенциялар мен операцияларды орындауға мүмкіндік беріп, оларды пациенттер үшін тегін медициналық көмек шеңберінде қолжетімді етеді. Конференцияның ерекшелігі – Алматы қалалық кардиологиялық орталығының операциялық бөлімдерінен жүргізіліп жатқан операциялардың тікелей көрсетілімі болды. Қатысушылар операция барысын нақты уақыт режимінде бақылап, пікірталасқа қатысады және мамандармен бірлесіп емдеудің оңтайлы тактикасын таңдауды талқылайды. Бүгінде Алматыда заманауи эндоваскулярлық араласулар мен ашық жүрекке жасалатын операциялардың барлық түрі, оның ішінде жүректі трансплантаттау, LVAD имплантаттау, MitraClip, тамырішілік литотрипсия және күрделі коронарлық араласулар қолжетімді. 2026 жылдың алты айында Алматыда 7 454 коронарография және 3 698 коронарлық араласу жасалды, ал кардиохирургиялық операциялардың көлемі 68%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ашық жүрекке 13 106 операция жасалды. Хирургиялық араласулардың ең үлкен үлесін аортокоронарлық шунттау операциялары – 46,1%, жүре пайда болған жүрек кемістіктеріне жасалатын операциялар – 22,7%, туа біткен жүрек кемістіктеріне жасалатын операциялар – 13,1%-ды құрады. Қазақстанда тұрақты оң динамика байқалады: соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық 15%-ға, ал осы аурулардан болатын өлім 35,1%-ға төмендеді. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша сырқаттанушылықтың: * жүректің ишемиялық ауруы бойынша – 10,1%-ға; * жіті миокард инфарктісі бойынша – 5,7%-ға; * мидың қанайналымының жіті бұзылыстары (инсульттер) бойынша – 6,1%-ға төмендеу үрдісі сақталуда. Қол жеткізілген нәтижелер инсульт және кардиологиялық орталықтар желісін дамыту, жоғары технологиялық медициналық көмек көлемін кеңейту, заманауи клиникалық хаттамаларды енгізу, жедел медициналық жәрдем қызметін жетілдіру, профилактикалық тексерулерді кеңейту және жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыру нәтижесінде мүмкін болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қанайналым жүйесі аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себебі болып қала береді. Жыл сайын бұл аурулар шамамен 19,8 млн адамның өмірін қияды, бұл барлық өлім жағдайларының шамамен 32%-ын құрайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1282437?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау