Абай университеті жаңа оқу жылын жаңа білім беру бағдарламаларымен бастайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай университеті жаңа оқу жылын жаңа білім беру бағдарламаларымен бастайды

2026-2027 оқу жылында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірқатар жаңа бастама жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы бойынша оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға қысқартылады. Сонымен қатар университетте Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылып, шетелдік «Сириус» ғылыми-технологиялық университетімен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы іске қосылады.

Оқу мерзімін қысқарту – еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай мамандарды даярлауға бағытталған маңызды қадам. Бұл ретте IT және жасанды интеллект секілді қарқынды дамып келе жатқан салаларда білім беру бағдарламаларын икемді форматта жаңарту ерекше маңызға ие.

Осыған байланысты 2026-2027 оқу жылынан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-да «6B06102 – Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы бойынша оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға қысқартылады. Білім алушылар үш жыл ішінде бакалавр дәрежесін алып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы кәсіби құзыреттерін қалыптастырып, еңбек нарығына ертерек шығуға мүмкіндік алады.

Университетте Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің ашылуы да цифрлық бағыттағы кадрларды даярлауды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа факультет заманауи технологиялар саласында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және білім алушылардың практикалық әрі кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталады.

Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап «Сириус» ғылыми-технологиялық университетімен бірлескен «Ғылыми-техникалық білім беру көшбасшылары» магистратура бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Бағдарлама «Педагогикалық білім» бағыты бойынша жүзеге асырылады. Бұл бастама жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және педагог кадрлардың кәсіби даярлығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Бұған қоса, Абай университеті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясымен бірлесіп «6B03124 – Саясаттану және ұлттық қауіпсіздік» және «6B02217 – Дінтану және ұлттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларын іске асырады. Аталған бағдарламалар аясында 88 курсант білім алып, ұлттық қауіпсіздік саласында қажетті кәсіби құзыреттерді меңгереді.

Аталған бастамалар университеттің білім беру мазмұнын еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге, цифрлық және жаңа технологиялар бағытында білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ халықаралық және ведомствоаралық серіктестікті кеңейтуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1283204?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version