Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 124 вокзал жаңғыртылуда. Оның негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру.
Осы жұмыстар аясында Алға қаласында ғасырдан астам тарихы бар теміржол станциясы жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңа вокзал пайдалануға берілді.
Алға теміржол станциясының тарихы 1912 жылдан басталады. Орынбор–Ташкент теміржол желісі бойында №44 разъезд ретінде негізі қаланған нысан кейін Алға қаласының қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды.
1935 жылы вокзалдың бір қабатты ғимараты салынған. Содан бері ондаған жыл бойы нысан мыңдаған жолаушыны қарсы алып, талай азаматты алыс сапарға шығарып салды.
Уақыт өте келе ғимараттың техникалық жағдайы нашарлап, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау қажеттілігі туындады. Осыған байланысты вокзалды жаңғырту туралы шешім қабылданып, жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
Аумағы 379 шаршы метр болатын бір қабатты ғимараттың қасбеті, жолаушылар үшін заманауи күту залы, билет кассалары, мен инженерлік жүйелері жаңартылып, аумағы абаттандырылды. Қайта жаңғырту барысында отандық өндірісте шығарылған құрылыс материалдары пайдаланылды.
Нысанның ашылу салтанатына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, теміржол саласының ардагерлері мен еңбек ұжымының өкілдері қатысты.
«Президент тапсырмасына сәйкес елімізде 124 вокзалға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Ақтөбе облысында 7 вокзалға күрделі жөндеу өткізілді. Міне, қазіргі сәтте Алға станциясының жаңарған вокзалының ашылуы рәсімінде жолығып отырмыз. Осы қуанышты сәтпен сіздерді шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.
Салтанатты шарада 42 жылын теміржол саласына арнаған ардагер Сәуірбай Үркімбаев жаңа вокзалдың ашылуы өткен тарих пен бүгінгі жаңарудың сабақтастығын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Менің осы салада қызмет еткеніме 42 жыл болды. Қазір балам да осы салада еңбек етіп жүр, немерем де теміржол мамандығына оқуға түсті. Бұрынғы вокзалымыз ескі, іші салқын болатын. Бүгін біз үшін қуанышты күн – жаңа ғимаратқа ие болып отырмыз. Осы вокзалдан шыққан әрбір жолаушы өзінің межелі жеріне аман-есен жетсін. Жаңа вокзал халыққа сапалы қызмет ете берсін. Осы ғимаратты салуға атсалысқан әрбір азаматқа ризашылығымызды білдіреміз», – деді теміржол ардагері Сәуірбай Үркімбаев.
Алға станциясы арқылы қаланы Ақтөбе, Алматы, Астана, Ақтау, Бейнеу, Орал, Тараз, Шымкент, Түркістан, Шу және Қызылорда қалаларымен байланыстыратын 14 жолаушылар пойызы қатынайды.
Жаңарған вокзал тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз жағдайда қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Алға теміржол станциясы өзінің ғасырдан астам тарихын жалғастырып, жаңа кезеңге қадам басты.
Жалпы, Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Алға, Шұбарқұдық және Қарауылкелді станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Қазіргі уақытта Ақтөбе, Шалқар және Шұбарқұдық вокзалдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қалған нысандарда жұмыстар жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы құны 10,5 млрд теңгеден асады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1283242?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау