2026 жылы 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін автокөліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеруден өтуге тиіс. Бұл туралы A-parking мамандары мәлімдеді.
Бұл техникалық тексеру міндетті техникалық байқаудың құрамдас бөлігі емес, жеке рәсім болып саналады. Оның барысында шығарындылар деңгейі өлшенеді: бензинмен және газбен жүретін автокөліктердің пайдаланылған газдың уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейі тексеріледі. Тексеру ҚР СТ 1433-2023 ұлттық стандартына сәйкес жүргізіледі.
Техникалық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Жаңа талап кезекті міндетті техникалық байқау мерзімі 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады.
Егер автокөлік 2026 жылы 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өтсе, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Техникалық байқаудан қайта өтудің немесе осы мерзімге дейін экологиялық тексеруден өтудің қажеті жоқ.
Міндетті техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал шығарындылар деңгейін өлшеуге арналған техникалық тексеру қажетті жабдықпен қамтылған аккредиттелген станцияларда ғана жүргізіледі.
Бұл ретте автокөлік иесі қалауы бойынша аккредиттелген станцияда екі рәсімнен де – техникалық тексеру мен міндетті техникалық байқаудан бірден өте алады.
Аккредиттелген станциялардың тізімі almaty-parking.kz сайтында қосымша жарияланады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1282980?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау