Ақмола облысын цифрландыру: технологиядан – практикалық шешімдерге

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облыстық мәслихатының комиссия отырысында екінші мәселе ретінде цифрландыру саласындағы негізгі нәтижелер мен алдағы міндеттер қаралды.

Басқарма басшысы Магжан Ержанның айтуынша, 2026 жылы жасанды интеллектіні практикалық тұрғыда қолдануға ерекше көңіл бөлінуде. Smart Aqmola «AI Өңір» номинациясы бойынша AI Governance Cup кубогінің иегері атанды. Келесі кезең – тиімді жасанды интеллект шешімдерін өңірдің негізгі салаларына кеңінен енгізу.

Ауыл шаруашылығы саласында 5,6 млн гектар жер цифрландырылды,       1 800 жер учаскесіне аудит жүргізілді. 120-дан астам шаруашылық дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолданады, өңірде 49 Smart-ферма жұмыс істейді.

Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласына да белсенді енгізілуде. Екі медициналық ұйымда ми қан айналымының жедел бұзылуларын диагностикалауға қолдау көрсету үшін Cerebra AI жүйесі пайдаланылады. Іске қосылған сәттен бастап жүйе 1 682 КТ зерттеуін талдап үлгерді. Сондай-ақ алты шалғай ауылдық округте және Ақкөл аудандық ауруханасында телемедицина кешені енгізілді.

Цифрлық экологиялық мониторингті дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы 22 ұшқышсыз ұшу аппаратының (ҰҰА) көмегімен рұқсат етілмеген қоқыс орындары, ықтимал өрт ошақтары, жылу шығындары және басқа да заңбұзушылықтар анықталуда. Болашақта оларды автоматты түрде анықтау үшін компьютерлік көру технологиясы енгізілмек.

Мемлекеттік және коммуналдық қызметтерді интеграцияланған орталықтандырылған жүйеде көрсетуші ретінде Бірыңғай 109 байланыс орталығы дамып келеді. Жыл басынан бері 39 168 өтініш келіп түскен, оның 98%-ы орындалды.

Цифрлық шешімдер көлік саласына да енгізілуде. Көкшетау қаласындағы қоғамдық көліктің қозғалысы туралы деректер «Яндекс Карталар» сервисімен интеграцияланды. Сондай-ақ жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын көрсету және бағдаршам нысандарын картографиялық сервистермен интеграциялау жобалары пысықталуда.

Жеке бағыт – өңірлік IT-экожүйені дамыту. Бірінші жартыжылдықта Aqmola Hub 40 іс-шара өткізіп, оған шамамен 1 000 адам қатысты. 400-ден астам қатысушы генеративті жасанды интеллект және промпт-инжиниринг бойынша практикалық оқудан өтті. Хаб базасында 100-ден астам стартап пен жоба дамып келеді.

Өңірде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 281 ауылдық елді мекенді интернетке қосу көзделген. Сонымен қатар мобильді байланыс сапасына қатысты мәселелер шешілуде: проблемалық 89 учаскенің 68-інде жұмыстар аяқталды.

Осылайша, 2026 жылы облысты цифрландыру жекелеген жобаларды іске асырудан нақты салаларда технологияларды практикалық қолдану кезеңіне өтті. Бұл – дәлме-дәл егіншілік пен медициналық жасанды интеллекттен бастап, облыстық ҰҰА инфрақұрылымына, 109 сервисіне, көлік саласындағы интеграцияларға және IT мамандарын даярлауға дейінгі бағыттарды қамтиды.

Отырыс барысында депутаттар бірқатар проблемалық мәселеге назар аударып, цифрлық сервистерді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізді.

Депутат Василий Шиманский мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне ерекше назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат беретін қосымша құру ұсынылды. Сондай-ақ депутат төтенше жағдайлар кезінде эвакуацияны ұйымдастыруға көмектесетін, жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың тұратын жерлері туралы деректер базасын қалыптастыруды ұсынды.

Комиссия төрағасы Абилкаир Ошакбаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдану бойынша оқыту өткізу мүмкіндігіне қызығушылық танытып, заманауи технологиялармен қатар жүру қажеттігін атап өтті.

Анар Аяпбергенова тұрғындардың бұрын медициналық қызметтерді алуға қолайлы құрал болған Damumed мобильді қосымшасының дұрыс жұмыс істемеуіне қатысты шағымдарына назар аударды. Сондай-ақ депутат 1 800 АШТӨ-дің барлығына ауыл шаруашылығының электрондық журналдарын ұсыну мерзіміне алаңдаушылық білдірді.

Нұртас Ахат Tomorrow School жұмысына қатысты мәселелерді нақтылап, одан кейін депутаттық сауалдардың орындалу алгоритмін әзірлеуді ұсынды. Ол мемлекеттік органдардың жауаптарды уақтылы ұсынбаған жағдайларына және кейбір жауаптардың формалды сипатта болуына назар аударды.

Сонымен қатар депутат облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы кітапханадағы интернет сигналының әлсіздігіне назар аударып, цифрлық шешімдер мен сервистерде мемлекеттік тілді одан әрі енгізу қажеттігін атап өтті.

Бекім Әкімов облыстың пайдалы қазбалары бойынша бірыңғай деректер базасын құру мәселесін пысықтауды ұсынды. Оның пікірінше, онда кен орындары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, жұмыспен қамтылғандар саны, өндіріс тиімділігі және салық түсімдері туралы ақпарат қамтылуы қажет.

Абай Жорабек егіс алқаптарындағы интернет байланысының сапасы мәселесін көтерген. Оның айтуынша, тұрақты интернеттің болмауы аграршыларға заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен цифрлық шешімдердің мүмкіндіктерін толық пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Саят Сыздықов болса, «Qosyl» бағдарламасының жұмыс сапасына назар аударып, оны қосымша жетілдіруді ұсынды.

Салалық ведомствоның басшысы Мағжан Қайратұлы депутаттардың түрлі салалар бойынша айтқан барлық ұсыныстарын жинақтап, жүйелеуді және оларды тиісті министрліктердегі цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін вице-министрлермен бірлесіп пысықтауды ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттардың ұсыныстары назарға алынды. Көтерілген мәселелер жақын арада қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1283116?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version