Ақтөбе облысында Алға станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жөндеу шаралары Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді.
1935 жылы салынған Алға станциясының теміржол вокзалы кешенді қайта жаңғыртудан өтті. Жүргізілген жұмыстар аясында нысан жолаушылар инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, толық жаңартылды. Ғимараттың жалпы ауданы 379 шаршы метрді құрайды.
Қайта жаңғырту барысында ғимараттың қаңқасы мен шатырын орнату, сыртқы және ішкі әрлеу, ішкі инженерлік желілерді жаңарту, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Вокзалдың сәулеттік келбеті мен ішкі кеңістігін жаңартуға ерекше назар аударылды. Ғимараттың қасбеті заманауи фиброцементті панельдермен қапталды. Ішкі әрлеу жұмыстарында сәндік сылақ және жақсартылған су эмульсиялы бояу қолданылды. «Армстронг» үлгісіндегі аспалы төбелер орнатылды. Еден жабындысы ретінде керамогранит, тайғанамайтын керамикалық және модульдік винил плиткалар пайдаланылды.
Алға станциясының теміржол вокзалы I санатты вокзалдарға жатады. Станция арқылы Алматы, Ақтөбе, Астана, Маңғыстау, Бейнеу, Орал, Тараз, Шымкент, Түркістан, Шу және Қызылорда қалаларымен қатынауды қамтамасыз ететін 14 жолаушылар пойызы өтеді.
Жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар мен теміржол саласының қызметкерлері үшін барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы нысанының сыртқы келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1283027?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау