Атығайда жаңа мектеп ашылды: ауыл балаларына жаңа мүмкіндік

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Павлодар облысы, Екібастұз өңірінің Атығай ауылында жаңа жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады. Сонымен қатар «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бас директоры Джонатан Рао қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мектептің ауыл балалары үшін маңыздылығын атап өтті.

Ауыл мектептерін қолдау және дамыту – білім сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Осыған дейін Атығай мектебі ұзақ жылдар бойы бұрынғы балабақша ғимаратында орналасып келген. Шектеулі жағдайлар білім алушылар үшін қажетті оқу және қосымша білім беру ортасын толыққанды қалыптастыруға мүмкіндік бермеді. Жаңа мектептің ашылуы – ауылдың білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам.

Жаңа білім ордасы 120 оқушыға арналған, жалпы ауданы 1 500 шаршы метрден астам. Заманауи мектеп ауыл балаларына сапалы білім алып, ғылым, спорт және шығармашылық бағыттарында өз қабілеттерін дамытуға кең мүмкіндік береді.

Мектепте STEM-зертхана, заманауи пәндік кабинеттер, лингафондық-мультимедиялық кабинет, технология және дизайн кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар оқушылар үшін спорт, күрес және хореография залдары, акт залы, асхана және тир қарастырылған.

Жаңа оқу жылынан бастап мектепте күрес, үстел теннисі, хореография, шахмат, домбыра, вокал және мәнерлеп оқу бағыттары бойынша үйірмелер мен секциялар жұмысын бастайды.

2026–2027 оқу жылында білім беру үдерісін 30 педагогтен тұратын ұжым қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыруға «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС демеушілік қолдау көрсетті. Құрылыс жұмыстарын «MGS Story Group» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асырды.

Іс-шара барысында қонақтар заманауи оқу кабинеттерін аралап, оқушылардың шығармашылық және спорттық мүмкіндіктерімен танысты. Мерекелік бағдарлама тәрбие және ұлттық құндылықтар тақырыбындағы кездесулермен жалғасып, оқушылармен бірге ағаш отырғызу рәсімімен қорытындыланды.

Атығайдағы жаңа мектеп – ауыл балаларының сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және ауылдың болашағына жасалған маңызды инвестиция.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1282879?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version