Еңбек министрлігі бос жұмыс орындарын орналастыру және жұмыссыздарды есептен шығару тәртібін түсіндірді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жұмыс берушілер қызметкерді жұмысқа қабылдағанға дейін бос жұмыс орындарын Enbek.kz сайтына орналастыруға міндетті. Ал азаматтың жұмысқа орналасқаны туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде есепке алынады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді жариялау тәртібін, сондай-ақ азаматтардың жұмысқа орналасуын есепке алу және оларды жұмыссыз ретінде есептен шығару тетігін түсіндіреді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыс берушілер барлық бос жұмыс орындары туралы мәліметті олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz сайтына орналастыруға міндетті. Бұл ретте бос жұмыс орны қызметкерді ресми түрде жұмысқа қабылдағанға дейін жариялануы керек.

Белгіленген тәртіптің сақталуы бос жұмыс орындары туралы ақпараттың өзекті болуын қамтамасыз етеді. Бірыңғай цифрлық платформа азаматтарға қолжетімді жұмыс орындары жөніндегі мәліметтерді ұсынады. 

Бос жұмыс орындарын белгіленген мерзімде жарияламағаны, сондай-ақ алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босатылатыны туралы мәліметті ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заңбұзушылықтың сипаты мен қайталануына қарай ескерту жасалады, ал қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

Министрлік жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтардың жұмысқа орналасуын есепке алу тәртібіне де ерекше назар аударады. Қазақстанда аталған үдеріс автоматтандырылған түрде мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығы негізінде іске асырылады.

Жұмысқа орналасқан жағдайда, бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына тиісті ақпарат беруге міндетті. Алайда азаматтың мансап орталығына хабарласпауы оның мәртебесін жаңартуға кедергі болмайды.

Атап айтқанда, азаматты есептен автоматты түрде шығаруға Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде электрондық еңбек шартының тіркелуі немесе жұмыс берушінің алғашқы міндетті зейнетақы жарнасын аударуы негіз болуы мүмкін.

Осылайша, жұмысқа орналасқаны туралы мәлімет белгіленген тәртіппен мемлекеттік ақпараттық жүйелерге түссе, оған қосымша мансап орталығына барып, есептен шығу үшін өтініш берудің қажеті жоқ.

Еңбек министрлігі жұмыс берушілерді қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде заңда белгіленген талаптарды сақтауға шақырады. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарын Enbek.kz сайтына уақытында жариялап, қызметкер жұмысқа қабылданған кезде электронды еңбек шартын тіркеу және міндетті әлеуметтік әрі зейнетақы аударымдарын уақытылы жүргізу қажет.

Талаптардың тиісті деңгейде орындалуы еңбек қатынастары туралы ақпараттың анықтығы мен өзектілігін қамтамасыз етіп, жұмыссыз азаматтарды қолдау тетіктерінің тиімді іске асуына негіз болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1283226?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version