Облыс орталығында Өскемен-1 станциясының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Ашылу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты.
Өскемен-1 станциясының вокзалы 1938 жылы салынған. Жүргізілген тексеру нәтижесінде ескі ғимарат толығымен бұзылып, оның орнына жаңа заманауи ғимарат салынды. Оның ауданы екі еседен астам ұлғайып, 858 шаршы метрден 1,8 мың шаршы метрге дейін жетті.
Жаңа вокзал қауіпсіздікке, жолаушылар ағынын ұйымдастыруға және жайлылыққа қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жобаланған. Инженерлік коммуникациялар жаңартылып, перрон реконструкцияланды, іргелес аумақ абаттандырылды.
«Вокзалдың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін лифтілер, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған. Вокзал заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Вокзал күн сайын екі мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Өскеменді Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достық қалаларымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Өскемен-1 вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елдегі теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Биыл 124 вокзалдың 121-ін жаңғырту жоспарланып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында бес теміржол вокзалын реконструкциялау көзделген. Оның төртеуі – Шемонаиха, Риддер, Алтай қалаларындағы және Күмістау станциясындағы нысандар пайдалануға берілді. Жаңартылған Өскемен-1 вокзалының іске қосылуы өңірдегі жұмыстың осы кезеңін аяқтайды.
«Жаңа теміржол вокзалы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Ол көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, ШҚО-ны еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Вокзалды жаңғырту жолаушылар үшін неғұрлым жайлы жағдай жасауға, оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және инфрақұрылымды артып келе жатқан жолаушылар ағынына бейімдеуге мүмкіндік береді. Бір бағдарлама аясында бес вокзалды жаңғырттық және бүгін жаңартылған Өскемен-1 вокзалының ашылуымен осы кезеңді аяқтап отырмыз. Бұл – облыс орталығындағы басты теміржол вокзалы, ол арқылы күн сайын мыңдаған жолаушы өтеді. Олардың заманауи әрі жайлы қызмет түрлерін пайдалануы маңызды», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, Көлік министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырды.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1282909?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау