Отырар ауданында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруге бағытталған келелі жиын өтті. №1 жалпы білім беретін мектеп базасында өткен маңызды басқосуға білім беру ұйымдарының дінтану пәні мұғалімдері, мектеп психологтары және ұстаздар қауымы қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы ашып, кездесудің мақсаты мен өзектілігіне тоқталды. Ол өз сөзінде зайырлы мемлекет қағидаттарын сақтау, азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыруда ұстаздар қауымының жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді.
Кездесу барысында Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің басшысы Медет Мұзапбарұлы және аталмыш орталықтың теолог маманы Нұрлыхан Жұмаханұлы баяндама жасады. Мамандар қазіргі қоғамдағы діни ахуал, жастар арасындағы деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары және олардың әлеуметтік желілердегі теріс әсеріне қарсы тұру тетіктерін жан-жақты түсіндірді.
Әсіресе, мектеп қабырғасындағы психологтар мен ұстаздардың балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте анықтап, оларға дұрыс бағыт-бағдар берудегі рөлі ерекше атап өтілді. Қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әдістемелік тұрғыдан нақты жауаптар мен кеңестер алды. Іс-шара соңында ұстаздар қауымы жас ұрпақтың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жалғастыру қажеттігіне тоқталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1282584?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау