Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Гонконг арнайы әкімшілік ауданының Әділет мәселелері жөніндегі хатшысы Пол Лэммен, сондай-ақ Гонконгтың заңгерлік және инвестициялық қоғамдастығының өкілдерімен кездесу өткізіп, оларға Қазақстандағы инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін таныстырды.
Кездесу Гонконг арнайы әкімшілік ауданының Әділет департаменті мен Гонконг Сауданы дамыту кеңесі ұйымдастырған «COLLABORATE2WIN: Гонконг – жаһандық табысқа жету жолындағы серіктесіңіз» іс-шарасы аясында өтті.
Жандос Өмірәлиев прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі құқықтық тетіктерін таныстырды.
Аталған бастама Қазақстан мен Гонконг арасындағы «хабтан хабқа» серіктестік моделі шеңберінде қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі басым бағытты одан әрі нығайтты. Мемлекет басшысының халықаралық және іскерлік байланыстарды кеңейту жөніндегі бағытын іске асыру аясында инвестицияларды қорғау, дауларды баламалы түрде реттеу және инвестициялық бастамаларды сүйемелдеу салаларындағы тәжірибе алмасуды қамтитын құқықтық ынтымақтастықтың маңызы арта түсуде.
«Бүгінде инвестор үшін құқықтық кепілдіктердің болуы ғана емес, олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіну де маңызды. Қазақстан инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және инвесторлардың құқықтарын жедел қорғауға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырды. Бұл тәжірибені халықаралық алаңдарда таныстыру елімізге сенімді әріптес ретінде деген сенімді нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Жандос Өмірәлиев.
Іс-шара Қазақстан мен Гонконг арасындағы іскерлік және құқықтық байланыстарды нығайтудағы кезекті маңызды қадам болды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инвесторлардың құқықтарын қорғау және оларды құқықтық сүйемелдеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1282484?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау