Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі — мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын, сондай-ақ билік органдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін мемлекеттің ең маңызды институттарының бірі.
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің белгісі болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік қызметші қызметтік әдепті сақтауға, мінсіз беделді ұстануға, жағымсыз қоғамдық резонанс туғызуға немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер мен мінез-құлықтан тартынуға міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық нормаларын реттейтін негізгі құжат — Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі. Кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер мына қағидаттарды басшылыққа алуы тиіс:
1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;
2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;
3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;
4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;
5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;
6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға, мүдделер қақтығысына жол бермеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға, қызметтік ақпараттың құпиялылығын сақтауға және лауазымдық өкілеттіктерін тек мемлекет пен қоғамның мүддесі үшін пайдалануға міндетті. Өз қызметінде ол парасаттылықтың, жауапкершіліктің және кәсібиліктің үлгісі болуы тиіс.
Азаматтармен қарым-қатынас мәдениетінің ерекше маңызы бар. Азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы, дөрекілік, ар-намысын, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс.
Мемлекеттік қызметшінің сырт келбеті де маңызды. Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің рухани мәдениетінің жоғары деңгейі халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, заңдылық, ашықтық және әділдік қағидаттарын дамытуға ықпал етеді.
Осылайша, қызметтік әдеп нормаларын сақтау — тиімді, кәсіби және азаматтардың мүдделеріне бағытталған мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады. Атап айтқанда әдеп қағидаттары мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға және Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Республикалық мемлекеттік
заңды тұлғалармен жұмыс
басқармасының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл
А.Ж. Сайдалина
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/gosreestr/press/news/details/1283187?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау