Қостанайда теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қостанай қаласында теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған нысанның ашылу салтанатына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, қоғам өкілдері, сала ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Көлік вице-министрі еліміздің жолаушылар теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

«Қостанай теміржол вокзалы – өңірдің маңызды көлік нысаны әрі жолаушылар инфрақұрылымының негізгі буындарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Жалпы еліміз бойынша 124 нысан жаңартылып жатыр. Бұл миллиондаған жолаушылар үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жәнібек Тайжанов.

1974 жылы салынған вокзал ғимараты бүгінде жолаушылар инфрақұрылымының заманауи талаптарына толық сай келеді. Ғимараттың жалпы аумағы 7 412 шаршы метрден 8 483 шаршы метрге дейін ұлғайды. Нысан жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған заманауи үш қабатты ғимаратқа айналды.

Реконструкция барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының кешені жүргізілді. Шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары орындалып, кәріз,су, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері жаңғыртылды. Сонымен қатар, перрон қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды, жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар орнатылды.

Ғимараттың сәулеттік келбетіне және қолданылған материалдардың сапасына ерекше көңіл бөлінді. Вокзалдың қасбеті фиброцемент панельдерімен және гранитпен қапталған. Ішкі әрлеу жұмыстарында заманауи талаптарға сай келетін ұзақ мерзімді, өрт қауіпсіздігі жоғары әрі сапалы материалдар пайдаланылды. Еден жабыны гранит пен керамограниттен жасалған. Жұмыстарды жүргізу барысында негізінен отандық материалдарға басымдық берілді. 

Қостанай вокзалы 1-санатты вокзалдарға жатады. Оның тәуліктік орташа жолаушылар ағыны шамамен 2 049 адамды құрайды. Станция арқылы Астана, Алматы, Шу, Қарағанды, Тобыл, Атырау, Орал, Ақтөбе, Бурабай курорттық аймағы және Көкшетаумен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 18 жолаушылар пойызы жүреді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттыруға, күту және сапарлау үшін анағұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ Қостанай облысының теміржол инфрақұрылымындағы негізгі нысандардың бірінің сыртқы келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1282903?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version