ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТ, ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТ, ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА
 
Жетісай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және криминогендік ахуалды тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарды зерделеу мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен мекемеаралық мәжіліс өтіп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
 
Жиынға аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен қала, кент және ауылдық округ әкімдері, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары мен полиция инспекторлары қатысты.
 
Мәжілістің күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу, алаяқтық қылмыстармен күрес, сондай-ақ, жеке адамдарға қарсы қылмыстардың өсуіне жол бермеу мәселелері қаралды.
 
Аталмыш бағыттар бойынша аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жүсіпбай баяндама жасап, құқықбұзушылықтардың өсуіне әсер етіп отырған негізгі себептер мен олардың салдарына тоқталды. Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстардың тиімділігі, жауапты мекемелерге берілген тапсырмалардың орындалуы және алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығы сараланды.
 
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып, профилактикалық есепте тұрған, құқық бұзуға бейім және қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалармен жүргізілетін жұмыстарды жүйелеу қажеттігі, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту – алдын алу шараларының маңызды бөлігі екені айтылды.
 
Сондай-ақ, интернет алаяқтықтың алдын алу, тұрғындарға оның кең таралған тәсілдері туралы түсіндіру және сақтық шараларын насихаттау бойынша жұмыстарды жандандыру, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруіне жол бермеу мақсатында рейдтік іс-шараларды күшейту мәселелері талқыланды.
 
«Біз үшін жүргізілген жұмыстардың саны емес, сапасы, нәтижесі маңызды. Сондықтан әрбір басшы, әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқаруы керек.
Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бір ғана құқық қорғау органдарының емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады» деген аудан басшысы нақты міндеттер жүктеп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағыттауды тапсырды. Ауданның криминогендік ахуалына тұрақты талдау жүргізіп, қылмыс жиі орын алатын аумақтарды анықтау, олардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында көшелерді жарықтандыруды және бейнебақылау камераларымен қамтуды жауапты сала басшыларына жүктеді.
 
Мәжіліс соңында аудан әкімі Серік Үсенұлы мен аудан прокуроры Мырзахмет Өтеоенов берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, немқұрайлылық танытқандардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1283018?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version