27 тамызда Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің (Әрі қарай – Департамент) ұйымдастыруымен бизнес – қоғамдастық пен салық төлеушілерге арналған семинар өтті.
Іс – шараға Департамент өкілдері, ҚР ҰКП «Атамекен» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мамандары, салық төлеушілер, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, консалтингтік компаниялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушыларға 2026 жылы енгізілген салық заңнамасындағы негізгі өзгерістер мен жаңа нормалар түсіндірілді. Атап айтқанда, жалпыға бірдей декларациялау мәселелеріне, сондай-ақ оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын тұлғалардан жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алу, тауарларды сатып алуға байланысты корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімге жатқызылмайтын шығындар бойынша сұрақтарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қосылған құн салығына қатысты өзгерістер мен салық есептілігін қабылдаудың жаңа тәртібі қаралды.
«Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты — салық төлеушілерді заңнамадағы өзгерістермен таныстыру ғана емес, жаңа нормаларды күнделікті қызметте дұрыс қолдануға бағыт-бағдар беру. Біз бизнес өкілдерімен ашық диалог орнатуға мүдделіміз. Кәсіпкерлердің қажетті түсіндірмелерді уақтылы алып, туындаған мәселелер бойынша жедел жауап алуына жағдай жасау — біздің маңызды міндеттеріміздің бірі», — деді Департамент басшысы Саят Бимағамбетов.
Семинар соңында «Сұрақ – жауап» сессиясы өтіп, қатысушылар салықтық әкімшілендіру және салық заңнамасы нормаларын қолдануға қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Осындай түсіндіру шаралары салық төлеушілердің құқықтық және салықтық сауаттылығын арттыруға, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға және заңнамадағы өзгерістер туралы ақпаратты уақтылы жеткізуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1282672?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау