Құрметті Төлеби ауданының тұрғындары!
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментіне қарасты Төлеби ауданы бойынша шекара басқармасы аудан аумағы арқылы өтетін мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шекараны күзету жұмыстарын жүзеге асырады.
Төлеби ауданының шекаралық аймағында шекара басқармасына қарасты шекара заставалары орналасқан. Мемлекеттік шекараны қорғау – елдің аумақтық тұтастығын, ұлттық қауіпсіздігін және тыныштығын қамтамасыз ететін аса маңызды міндет.
Шекарашы – мемлекеттің шекарасын күзетіп қана қоймай, елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қорғауға қызмет ететін жауапты тұлға. Сондықтан шекараны қорғау – баршаға ортақ міндет әрі зор жауапкершілік.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 15 132 шақырымды құрайды. Осындай ауқымды аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Шекара қызметімен қатар, шекара маңындағы елді мекендер тұрғындарының қырағылығы мен қолдауының да маңызы зор.
Осыған байланысты тұрғындарды шекаралық аймақта белгіленген талаптарды сақтауға және күдікті жағдайлар байқалған кезде тиісті органдарға хабарлауға шақырамыз.
Шекара қызметінің қолданыстағы өкілеттіктеріне сәйкес, шекаралық аймақта азаматтарды тоқтату, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, көлік құралдары мен жүктерін тексеру сияқты бақылау шаралары жүргізілуі мүмкін.
Сонымен қатар, 2026 жылғы қыркүйек айында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің қатысуымен «Солидарность – 2026» бірлескен шекаралық операциясын өткізу жоспарланған.
Аталған операцияның негізгі мақсаты – шекаралық аймақтағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, контрабандалық тауарлардың заңсыз өткізілуіне және заңсыз көші-қонға жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Операция барысында шекаралық аймақта іздестіру, бақылау және құжаттарды тексеру шаралары әдеттегіден жиі жүргізілуі мүмкін.
Осыған байланысты тұрғындардан түсіністік танытып, Шекара қызметі өкілдерінің заңды талаптарын орындауды және шекаралық аймаққа барған кезде жеке басын куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруді сұраймыз.
Мемлекеттік шекара – ел қауіпсіздігінің берік қалқаны. Оны қорғау – ортақ міндет. Қырағылық танытып, заң талаптарын сақтап, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірге үлес қосайық!
Құрметпен, Шекара қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1283057?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау