Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмыскерлігіне қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға ІІМ өкілдері, қаланың жауапты мемлекеттік органдары мен мүдделі құрылымдардың басшылары қатысты.
Отырыстың негізгі мақсаты – қала аумағында нашақорлықтың таралуының алдын алу, есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру және осы бағыттағы ведомствоаралық жұмысты жаңа деңгейге көтеру.
Жиын барысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, есірткі қылмыстарының алдын алу, жастар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ халықтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы ІІМ өкілдері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу саласындағы басым бағыттарға тоқталып, өңірлердегі жағдайға жүйелі мониторинг жүргізудің, жедел-профилактикалық іс-шараларды сапалы ұйымдастырудың және құқық бұзушылықтардың алдын алуда заманауи тәсілдерді қолданудың маңызын атап өтті.
Жергілікті атқарушы орган тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер мен оларды шешудің нақты тетіктері қарастырылды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында есірткіні таратудың алдын алу шаралары, есірткі қылмыстарын алдын алуда қабылданып жатқан цифрлық шешімдер мәселелері күн тәртібіне шығарылды.
Қазіргі таңда есірткі қылмысына қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мемлекеттік органдардың, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, қоғамдық институттардың, ата-аналар қауымдастығының және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігін талап ететін маңызды бағыт. Осыған байланысты отырыста профилактикалық жұмысты тек салдармен күресуге емес, есірткіге тәуелділіктің себептерін ерте анықтауға және оның алдын алуға бағыттау қажеттігі атап өтілді.
Отырыста қаладағы есірткі ахуалына қатысты бірқатар мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдардың ұсыныстары тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды. Әрбір бағыт бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық іс-шаралардың нәтижелілігін арттыру және қабылданған шешімдердің орындалуына бақылауды қамтамасыз ету қажеттігі белгіленді.
Өңірлік штабтың кезектен тыс отырысы қорытындысы бойынша тиісті органдарға бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1282838?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау