Соңғы аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) индексі 100,0%-ды құрады. Тамыз айының басынан бері бағалар 0,2%-ға төмендеді. Жыл басынан бері индекс 101,4%-ды құрады, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 107,9% болған.
Осылайша, жыл басынан бері ӘМАТ бағасының өсуі ең төмен деңгейде қалып отыр және өткен жылғы көрсеткіштен 5 еседен астам төмен.
Қазіргі оң динамикаға жаңа өнімнің маусымдық түсуі ықпал етуде. Көкөніс өнімдері бағасының төмендеуі жалпы индексті тұрақтандырып, жекелеген тауарлар бойынша бағаның өсуін өтеуге мүмкіндік беріп отыр.
ӘМАТ бойынша оң динамика азық-түлік инфляциясынан да көрінеді. Жылдық мәнде оның деңгейі өткен жылғы желтоқсандағы 13,5%-дан шілде қорытындысы бойынша 10,1%-ға дейін төмендеді.
Бұл ретте жұмыс маусымдық шаралармен ғана шектелмейді. Негізгі назар өнімдердің түпкілікті құнына тікелей әсер ететін факторларға: делдалдарға, нарықтарға, көлік шығындарына және өндірушілердің босату бағаларына аударылды.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғариннің тапсырмасы бойынша өңірлерде азық-түлік нарықтарына зерттеу жүргізілуде. Жеткізу тізбектері, жалдау шарттары және түпкілікті бағаның қалыптасуы талданады. Артық делдалдарды анықтауға ерекше назар аударылуда.
Көлік шығындарын төмендету мақсатында азық-түлік өнімдерін теміржол арқылы тасымалдауға жеңілдікті тариф қолданылады. Бүгінгі таңда оны 50-ден астам компания пайдаланды, 38 мың тонна өнім тасымалданды.
Отандық өндірушілермен жұмыс жалғасуда. ӘМАТ өндірушілері үшін электр энергиясына тарифті 20%-ға төмендету көзделген. Қолдау босату бағаларын ұстап тұру бойынша қарсы міндеттемелер қабылданған жағдайда көрсетіледі.
Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмыс істеу тетігі қайта қаралуда. Тәсіл өнімді жай ғана сатып алуға және бөлінген қаражатты игеруге емес, нақты нәтижені – оның бағаға әсерін бағалауға бағытталатын болады.
Осы мақсатта тұрақтандыру тетіктері нақты тауар мен өңірдегі жағдайға қарай нысаналы түрде қолданылатын болады. Сондай-ақ өнім қозғалысының қадағалануын және СПК арқылы бағытталатын қаражаттың тиімділігіне бақылауды күшейту жоспарлануда.
Жыл соңына дейінгі жұмыс қол жеткізілген оң динамиканы сақтауға, азық-түлік өнімдерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етуге және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1282616?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау